Бурабайда сервистік полицияның қанатқақты жобасы іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди сервистік полицияның ілкі жобасы қолға алынатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл - өте қызықты жоба. Біз қоғамға бүкіл қылмысқа өзі жалғыз жауап бере алмайтынын көрсеткіміз келеді. Бұл әлеуметтік құбылыс болғандықтан, қоғамды қылмыстардың алдын алуға тарту қажет. Яғни, қудалау азайып, алдын алу артуы тиіс. Сондықтан біз Ақмола облысының Көкшетау қаласында, Шучинск-Бурабай кешенінде халық пен мемлекеттік органдардың арасын жалғайтын кеңсе құрмақпыз. Яғни, әкімдік жанында жобалық кеңсе ашылады. Ол кеңсенің құрамына қоғамдық ұйым өкілдері, заң органдарының өкілдері кіретін болады. Олар тұрғындармен, өзін-өзі басқару комитеттерімен бірге елді мекеннің барлық қылмыстық проблемаларын зерттейді. Яғни, қылмыстарды мүліктік қылмыс, қоғамдық орындағы қылмыс, жеке тұлғаға қатысты қылмыс деген сияқты жіктеп аламыз, әрқайсы бойынша қалай әрекет ету керектігін оластырамыз. Егер бейнебақылау жүйесі қажет болса, оны қайда орнату керектігі туралы да елмен келісіледі», - дейді министрдің орынбасары Алексей Калайчиди.
Алексей Калайчиди жоба қазан айының ортасында қолға алынатынын атады.
«Бұл - өте күрделі жүйе. Бірақ жұмысын бастағанда өздеріңіз көресіздер. Жоба «Қауіпсіз Ванкувер», «Қауіпсіз Стокгольм» және «Қауіпсіз Лондон» жобалары негізінде жасалды. Яғни, қоғам қала қауіпсіздігіне неғұрлым көп араласатын болса, соғұрлым жақсы болады. Мысалы, біз осынша камера қою қажет десек, халық одан көп керек деуі мүмкін. Немесе біз учаскелік полиция санын арттыруды ұсынсақ, халық камералар санын көбейтуді сұрауы мүмкін. Халық заманауи гаджеттер арқылы ішкі істер саласында жасалып жатқан шаруалардан құлағдар болып, өздері де белсенді араласқанын қалаймыз. Егер тұрғын заңбұзушылық көрсе, бірден полицияға хабарлауы керек. Одан кейінгі шаруа полицияның құзырында. Ал егер қаласа, тұрғын сол үшін қаржылай көтерме алуы мүмкін. Біз Германияда соның мысалын көрдік. Біз бұл кеңсемен жұмыс істеуге қоңыраулардан шаршамайтын, қысқа уақытта шешім қабылдап, дұрыс кеңес бере алатын адамдарды іріктеп алдық. Шетелде солай ғой. Полицияға хабарластыңыз ба, бірден не істеу керектігі туралы қысқаша нұсқау береді де, іске кіріседі. Біз де полиция мен тұрғындардың өзара әрекетін осындай деңгейге көтергіміз келеді», - деді министрлік өкілі.


Соңғы жаңалықтар