Бурабайда саятшылардың халықаралық турнирі өтіп жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бурабай курортында Тәуелсіздік күніне және атақты бүркітші Мәсіп Батырхановты еске алуға арналған саятшылардың «Қансонар-2019» халықаралық турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнирге Қазақстанның 12 облысынан, сондай-ақ, Венгрия, Моңғолия, Қырғызстан және Ресей елдерінен құс тілін білетін, ақсүйек өнерді жанына серік еткен 45 саятшы қатысып, бақ сынауда.

Турнирдің ашылу салтанатына аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бері елімізде ұлттық спорт түрлері мен ойындары жандана бастады. Оның ішінде Ақмола облысында ұлттық спорт түрлері кеңінен қанат жайып келеді. Жерлес спорт саңлақтары түрлі халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Бұл өңірде ұлттық спорт түрлеріне көңіл бөлініп отырғанын білдіреді. Бүгінгі саятшылардың «Қансонар-2019» халықаралық турнирі - соның жарқын көрінісі. Баршаңызды алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын, ал, жарысқа қатысушыларға тек жеңіс тілеймін», - деді аймақ басшысы Ермек Маржықпаев.

Турнир бағдарлама бойынша «Бүркітпен аң аулау», «Сұңқармен аң аулау» және «Қаршығамен аң аулау» сияқты үш кезеңнен тұрады. Ертең турнирдің қорытынды кезеңі өтеді.

Бүркітшілер арасындағы жеңімпаздарға бас жүлдеге «Нива» автокөлігі тігіліп отыр. Ал, екінші орынға 500 мың теңге және үшінші орынға 300 мың теңге қарастырылған. Сонымен қатар, сұңқар және қаршыға салудан бірінші орын алғандар 200 мың теңгеден, екінші орын алғандар 150 мың теңге, үшінші орын алғандар 100 мың теңгеден алады.

Соңғы жаңалықтар