Бурабайда «Менің Отаным – Қазақстан» республикалық слеті өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабайда 160 баланың қатысуымен «Менің Отаным – Қазақстан» туристік-экспедиция отрядтарының республикалық слеті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қотыркөлдегі «Звездный» балаларды сауықтыру орталығындағы өткен шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер, Ақмола облыстық мәслихаттың депутаты, ҚР балалар мен жасөспірімдер туризм қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов және облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығының директоры Арман Өмірзақов қатысып сөз сөйледі.

Сарапшылардың сөзінше, бүгінгі күні туристік-өлкетану жұмысына тартылғандардың саны 2,8 пайызды ғана құрайды. Туристік нысандардың көпшілігі қорғалатын аймақтарда орналасқан. Сондықтан, әр бала үшін 200 мың теңге төлеу қажет. Бүгінгі күні бұл мәселе шешуді қажет етеді. Слетте саланың дамуына кедергі келтіретін өзге де мәселелер айтылды. Шараға қатысушылар өздерінің ғылыми жұмыстарын ұсынды. Қазір облыстық деңгейде туристік-өлкетану отрядтары жұмыс істейді. Олар өңірдің тарихи орындарына барып, зеттеуде. Бұл жастардың бойында патриоттық сезімін оятып, отансүйгіштікке тәрбиелейді.

«Ең бастысы материалдық-техникалық базаны нығайту керек. Экспедицияға шығу үшін арнайы құрал-жабдықтар қажет. Ал, ол бізде жеткіліксіз. Қазіргі кезде, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан туристік-өлкетану экспедициясы үшін ереже жобасы әзірленуде. Бұл бізге қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір кадр тапшы. Сондықтан, мамандардың біліктілігін көтеру жұмыстары қолға алынуда. Біз бұл жұмыстардың қарқын алғанын қалаймыз», - дейді Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.

Айта кетейік, бейресми білім берудің басты бағыттарының бірі – ол балаларға туристік-өлкетану және экологиялық-биологиялық қосымша білім беру болып табылады. Ақмола облысында осы бағытта 415 үйірме жұмыс істейді. Оған 7 мың бала тартылған.



Соңғы жаңалықтар