Бурабайда көкжал жүр

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бурабай ауданының төңірегінде, бір көкжал қасқыр пайда болды.

Қазіргі таңда түз тағысы біраз ауылдардың құтын қашырып отыр. Көкшенің көкжалы атанған «тас қапқыр» Зеренді ауданының Молодежный ауылы мен Бурабай ауданына қарасты Қызылағаш селолық округінің жылқысына шауып, маза берер емес деген алыпқашпа әңгімелер аудан тұрғындары арасында жиі тарай бастады. Бұл туралы аудандық, облыстық газеттер де жарыса жаза бастады. Авторы аудандық газеттің тілшісі Жеңіс Кәріп деп көрсетілген.

Онда: «Бұл уақытта түз тағысы мұндай қорқаулыққа бармау-шы еді... Сірә, өшіккен қасқыр болуы керек. Себебі, адамнан жасқануды білмейді. Жылқышының көзі тайса болды, биелердің жаңадан туылған құлындарын жәукемдеп барып, ақырын жылыстай жөнеледі. Тіпті, қызылағаштықтар таңертеңгілік мезгіл аудан орталығына бара жатқанда Бүркітті тауының етегінен бүлкілдеп шығып, Бурабайды бетке алып бара жатқан жалы күдірейген көкжалды бірнеше рет көріпті-мыс.

Ал жылқышылардың айтуына қарағанда, Абылай хан ауылының жаңа туған құлындарына бірнеше рет ауыз салған. Көршілес Молодежный ауылының оннан аса жылқысын мерт еткен. Сірә, ол бұлай тайраңдай беретін болса, Қамбар атамыздың зәу-затына һәм жылқы малына одан сайын ауызды сала бермек. Көкжалдың басына бәйге де тігілген. Егер кімде-кім оны атып немесе соғып алса, сүйіншісі дайын.

Бұл «тас қапқырдың» неге осыншама қорқаулыққа барып тұрғаны белгісіз. Әркім әр түрлі болжайды. Осыдан екі жыл бұрын үйірлі қасқырды аңшылар атқан көрінеді. Оқтан сытылған қасқырдың бірі осы көкжал болуы керек.

Енді, міне, өш алмай қоймайтын түрі бар. Қырдағы ағайынның жылқысын жәукемдеп жатыр. Аңшылар да біраз әлекке түсуде.

Бұл көкжал жортуылын жалғастыра беретін болса, қанды ауызын әлі де майлай түспек. Түздегі жылқыны былай қойып, ауыл қотанына кіріп, тал түсте малды да, тіпті керек болса, жанды да жайратуы әбден мүмкін. Төрт түліктің төресінің төбесіне шүйлігіп тұрған оның көзі құрымаса, көкжалдың басы құлынды бие емес, темір тұлпарға бағалануы мүмкін», - деп жазылған «Арқа ажары » газетінде.

P.S: Осы орайда, бізде Бурабай аудандық ІІБ хабарласқан болатынбыз. Ондағылар Бурабай ауданында қасқырдың тайрандап жүргенін бізден естіп, аң-таң болып, "бар" не "жоқ" деп мардымды жауап қайыра алмады.

Соңғы жаңалықтар