Бурабайда карантин кезінде тиін мен құстардың саны артқан

None
None
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат – Бурабай демалыс орнында карантин уақытында тиін және құстардың саны көбейген. Бұл туралы «Бурабай» мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің директоры Сергей Быков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің азаматтардың экологиялық мәдениеті орташадан төмен. Бізге келушілердің арасында демалыстан соң қоқысты жинап, тазалап кететіндер бар, өкінішке қарай ішіп-жеп, сол жерге тастап кететіндер де кездеседі. Ал кей адамдар қоқысты көліктің терезесінен лақтыра салады. Және бұл проблема тек қана көл жағалауында ғана емес», - дейді С. Быков.

Оның айтуынша, соңғы 15-20 жыл көлемінде Бурабайда демалушылардың саны артқан.

«Мұнда демалушылардың саны ондаған, жүздеген есеге дейін артты. Егер 1990 жылдары жылына 10-20 мың демалушы келсе, өткен аптаның өзінде 50 мың адам демалысқа келді. Әрине, табиғат кешеніне деген антропогендік қысым бар, дегенмен бізде жаз мезгілі 2-3 ай ғана, қалған уақытта көктем, күз, қыстың күндері табиғат тіріліп, қайта қалпына келеді. Егер бізде жаз 5-6 айға созылса, онда қоршаған ортаның жағдайы мәз болмас еді. Айтар болсақ, карантин мен төтенше жағдай кезінде, яғни наурыз, сәуір, мамыр айларында Бурабайда тиіндер көбейіп, құстар еркін ән салды. Антропогендік қысым жан-жануарлардың тіршілігіне кері әсерін тигізеді», - дейді ол.

Ұлттық парк басшысының сөзіне сенсек, өткен жылы парк аумағынан 2 мың текше метрге жуық қоқыс шығарылса, ал биыл мамыр айынан бері ол көрсеткіш 700 текше метрге жуықтаған.


Соңғы жаңалықтар