Бурабайда биіктігі 42 метрлік шолу шеңбері ашылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабайда биіктігі 42 метрлік шолу шеңбері салынып жатыр. Оның жанынан отбасылық, балалар және экстремальды бағыттағы аттракциондар ашу да қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Бурабай даму» ЖШС бірыңғай байланыс орталығының басшысы Азамат Баймұқановқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, нысан құрылысы «Щучье-Бурабай курорты аймағын дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылуда. Шолу шеңбері мен түрлі қызықты аттракциондар Бурабай курорттына демалуға келетін туристердің көңіл көтеріп, демалатын сүйікті орнына айналмақ.

«Бұл - жалпы құны 347 миллион теңгені құрайтын инвестициялық жоба. Оны инвестор «Колесо удачи» ЖШС жүзеге асыруда. Нысан Бурабай кентінің орталығындағы «Бурабай даму» ЖШС визит орталығының аумағында орналасады. Қазіргі кезде жер телімі анықталып, шолу шеңберін монтаждау үшін алғашқы қазығын қағу жұмыстары жүріп жатыр. Коронавирус пандемиясы кедергі келтірмесе, аталмыш нысанды үстіміздегі жылдың шілде-тамыз айларында пайдалануға беру жоспарланған», - дейді Азамат Баймұқанов.

Сонымен қатар, ол биіктігі 42 метр шолу шеңберінен бөлек, отбасылық, балалар және экстремальды бағыттағы аттракциондарды ашу да жоспарда барын айтты. Бұл Бурабай тұрғындары мен қонақтарына курорты аймақтың көркін жыл бойы тамашалауға мүмкіндік береді. Аттракцион тәулік бойы жұмыс істейді.

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, «Щучье-Бурабай курорты аймағын дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2025 жылдары өңірге келетін туристер санын 1,6 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.



Соңғы жаңалықтар