Бурабайда балықтың қырылуына қатысты тексеріс қорытындысы жарияланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Экология департаментінің және Балық шаруашылығы ғылыми-тәжірибелік орталығының Солтүстік филиалы мамандары «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Үлкен Шабақты көлінде балықтың өлуіне қатысты зерттеу қорытындысын жолдады, дер хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бурабай» МҰТП баспасөз қызметінің мәліметінше, зерттеу қорытындысы көрсеткендей, Үлкен Шабақты көлінде балықтың өлуіне адами фактордың әсері жоқ. Балық көл түбінен шыққан табиғи газдан немесе су қоймасындағы өсімдіктердің маусымдық гүлдеуінің әсерінен өлуі ықтимал.

«2022 жылдың 14 тамызында Үлкен Шабақты көлінен алынған сынамаларда тұз құрамы, рН мөлшері, фторид, химиялық оттегі көлемі жоғары болғаны анықталды. Балық өлген тұста және солға қарай 300 метр аумақта судың рН құрамы 9,06-9,08 болды (шекті мөлшер 6-9 деңгейінде болуға тиіс). Өлген балықтар табылған және соның оң жақ тұсында химиялық оттегі көлемі 33-38 мгО2/л екені анықталды, қалыпты жағдайда ол 30 мгО2/л шамасында болуы тиіс. Биохимиялық оттегі де шекті мөлшерден асып түсті. Фторид құрамы – 7,31 - 8,52 мг/л, оның қалыпты нормасы – 1,5 мг/л. Алайда бұл көрсеткіштер табиғи сипатқа ие, су қоймасы ластанды дегенді білдірмейді. Тұздылығының жоғарылауы да табиғи құбылыс», - делінген зерттеу қорытындысында.

Өзге де химиялық көрсеткіштер бойынша нәтиже: еріген оттегі мөлшерінің диапазоны қалыпты – 9,0-ден 10,9 мг/л (қалыпты норма – 4 мг/л кем емес). Аммоний азоты 1,40-1,98 мг/л аралығында, оның шекті концентрациясы – 2 мг/л. Аммоний азотының жоғарылауы жаз маусымында су қоймасында өсімдіктердің гүлдеуімен байланысты болуы мүмкін.

«Балық қырылған аймақта антропогендік әсер анықталмады. Бұл аумақта өнеркәсіптік кәсіпорындар мен елді мекендер жоқ»,– деп түсіндірді Ақмола облыстық Экология департаменті зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің бастығы Максим Шлымов.

Су қоймасын зерттеу барысында «Бурабай» МҰТП ихтиологымен бірге көлдің үш жеріне Марк-302м еріген оттегі анализаторы құрылғысы арқылы еріген оттегінің мөлшерін, қанығу деңгейін және температуралық жағдайын анықтау үшін зерттеу жүргізілді.

«Үш сынамада да көрсеткіш нормаға сай болып шықты, балықтың өлуіне әсер етуі мүмкін қауіпті деңгейге жеткен жоқ. Қырылған балықтардың желбезегі мен ішкі ағзаларының патологиясын және өлуіне себеп болуы мүмкін басқа да белгілерді анықтау үшін тексеру жүргізілді. Ешқайсысынан көзге көрінетін патология анықталмады, желбезектері қызыл, ішкі ағзаларында (бауыр, ұйқы безі, өт қабы және т.б.) көзге көрінетін өзгеріс жоқ, түсі мен көлемі табиғи қалпында.

Жоғарыда айтылғандарды ескере келіп, су қоймасына шаруашылық-тұрмыстық судың құйылмағанын, сондай-ақ көлдің тектоникалық табиғатын ескере отырып, балық су түбінен табиғи газдың шығуынан өлуі мүмкін деп болжауға болады», – деп қорытынды шығарып отыр «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Солтүстік филиалының ғылыми қызметкері Денис Бурков.

Дегенмен, «Бурабай» МҰТП дирекциясы көлді тереңірек зерттеу және қосымша ғылыми жұмыс жүргізу шешімін қабылдап отыр. Осыған орай қыркүйек айында Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының тобы келмекші.

Бұған дейін Бурабайдағы Үлкен Шабақты көлінде балықтардың қырылу себебі анықталып жатқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар