Бурабайда балық аулауға кеткен 29 жастағы жігіт өлі табылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Бурабай ауданында жоғалған 29 жастағы ер адам өлі күйінде табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аумақтық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, 12 қаңтар күні сағат 11:25 шамасында Ақмола облысының ТЖД 112 телефон нөміріне Щучье көліндегі яхт-клубтың балықшылар тұрағында адамның денесі табылғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына Бурабай аудандық Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғаныс подполковнигі К.Бабаев бастаған жедел топ барды.

«Сол күні сағат 11:40 шамасында балықшылар тұрағында 1991 жылғы ер адамның денесі табылды. Оны марқұмның әкесі анықтап, Бурабай аудандық ауруханасына жеткізген. Алайда, дәрігерлер оның сол күні таңғы сағат 09:00 шамасында қайтыс болғанын тіркеді. Әкесінің айтуынша, баласы таныстарымен бірге Щучье көліне барған. Кейін ұзақ уақыт байланысқа шықпаған соң достарына хабарласқан. Достары барып, оның өлі күйінде тауып, әкесіне хабарласқан», - дейді ведомстводан.

Оқиға орнына сондай-ақ Бурабай аудандық полиция бөлімінің шұғыл-тергеу тобы барған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамға иіс тиген. Оның денесі мәйітханаға жіберіліп, сот-медициналық сараптама тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар