Бурабайда алматылық 10 жасар ұл бала адасып кеткен

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабай курортында адасып кеткен 10 жасар бала аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, оқыс оқиға бүгін Бурабай кентінде болды. Полицейлерге белгілі болғандай курорты аймаққа спорттық радио бағдарлау және радио көпсайыстан ҚР Чемпионатына қатысу үшін еліміздің әр өңірінен балалар жиналған.
Жарыс кезінде сағат 15:00 шамасында белгіленген жерге жарысқа қатысушы Алматы қаласынан келген 10 жасар Абылай келмей қалған. Оны ұйымдастырушылар өз күштерімен 2 сағат бойы іздеп нәтиже болмағандықтан полицияға хабарласқан.

«Дереу іздестіру жұмыстарына полиция күштері, төтенше жағдайлар бөлімшесі және «Бурабай» МҰТП қызметкерлері жұмылдырылды. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Ербол Жүсіпов өзге құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен еріктілерді және қоғам өкілдерін тарты», дейді ведомстводан.
Жалпы, іздестіру жұмыстарына барлығы 40 полиция, 30 құтқарушы, «Бурабай» МҰТП 25 қызметкері және 10 ерікті атсалысты. Іздеу тобы барлығы 5 шақырым аумақты, яғни, көл жағасы мен орманды сүзіп шықты.

«Нәтижесінде араға 3 сағат салып Абылай жарыс өткен орыннан 3 шақырым қашықтықта дін аман табылды. Баланың сөзінше, орманның ішінде адасып кетіп, кейін қайтар жолды таба алмаған. Қазіргі кезде адасқан бала қонақүйге жайғастырылды. Жағдайы қанағаттанарлық», - деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Соңғы жаңалықтар