Бурабайда 10-шы «Туризм. Сауықтыру. Саяхат-2014» жәрмеңкесі өтеді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Сәуірдің 10-11 күндері Бурабайдағы «Інжу» қонақүй кешенінде 10-шы мерейтойлық «Туризм. Сауықтыру. Саяхат-2014» атты Ақмола өңірлік туристік жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы Ақмола облысы туризм басқармасының бастығы Шынарбек Батырханов мәлім етті.

Оның айтуынша, бүгіндері өңірдің теңдесіз туристік әлеуетін көтеру мен ішкі туризмді дамыту басты мәселе болып отыр. Әсіресе, бұл бағытта еліміздің өзге өңірлеріндегі және Ресей сияқты басқа да шет елдердегі туристік компаниялармен іскерлік байланыс орнатудың маңызы зор.

«Облысымыздың туристік мүмкіндіктерін насихаттау мақсатында жәрмеңкеге еліміздің басқа өңірлерімен қатар, алыс-жақын шет елдерден де туристер шақырдық. Онда шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, оларға өзіміздегі туристік қызмет түрлерін ұсынатын боламыз. Алдын ала болжам бойынша, жәрмеңкеге 10-нан астам туристік көрме әкелініп, 500-ден астам қонақ келеді деп күтілуде. Сондай-ақ, жәрмеңкеге қатысушылар арасында үздік көрмелік шығарма, үздік ақпараттық-жарнамалық бума, үздік қол өнер шебері, Ақмола облысындағы демалу орындарына ең көп жолдама берген туроператор және клиенттер саны көп туроператор сияқты 5 аталым бойынша ашық байқау мен мерейтойлық ұтыс ойыны өткізіліп, онда түрлі сыйлықтар мен жолдамалар сарапқа салынатын болады», - дейді Ш.Батырханов.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитеті өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың жай-күйі мен келешегі» тақырыбында республикалық кеңес өткізу де жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар