«Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері шашылып жатқан қоқысқа қатысты пікір білдірді

None
None

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (МҰТП) қызметкерлері әлеуметтік желіде тараған Щучье-Бурабай курорты аумағындағы көлдердің жағасында шашылып жатқан қоқыс туралы ақпараттарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, «Бурабай» МҰТП Ақмола облысының ғана емес, өзге көрші облыстар мен таяу шет елдердің тұрғындарының демалатын сүйікті орны. Жыл сайын ұлттық паркке 600 мыңнан астам адам келеді. Әсіресе, демалыс және мереке күндері келушілердің саны күрт артады. Сол себепті, демалып кеткен адамдар өздерінен кейін қоқыстарын қалдырып кететін көрінеді.

«Ұлттық парктің аумағында сиымдылығы 1 текше метр болатын барлығы 65-тен астам қоқыс контейнері орнатылған. Оның ішінде 25 қоқыс контейнері Бурабай көлінің жағасында әр 200 метр сайын орнатылған. Бұдан бөлек, ұсақ қоқыстарды салатын 50 ағаш жәшік бар, оның 30-дан астамы көл жағасында. Мұндағы металл контейнерлер қатты тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарға, ал ағаш жәшіктер ұсақ қоқыстарға арналған. Алайда, өңір тұрғындары мен қонақтарының жауапсыздығы жағажай аумағын антисанитарлық жағдайға әкеліп соқтыруда. Әсіресе, ірі қоқыстардан ұсақ қоқыстар салатын жәшік тез толып қалады. Демалушылардың кейбірі 50-100 метр жердегі металл контейнерлерге баруға ерінеді», - дейді «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері.

Сонымен қатар, парк қызметкерлері демалушыларды қоршаған ортаны аялап, тазалықты бір сәт естен шығармауға шақырады.

«Қоршаған ортада өмір сүре отырып, табиғаттың тамаша сиын бүлдірмеу үлкен жауапкершілікті, тіпті тазалық пен сана-сезімді талап етеді. Сол себепті тамаша демалыстан кейін, соңдарыңыздан қоқыстарды жинап, қоқыс жәшіктерін дұрыс мақсатта пайдалансаңыздар дейміз. Пластикалық шөлмек, тамақтың қалдығы, қарбыздың қабығы сияқты ірі қоқыстарды осыған арналған арнайы металл контейнеріне салып кетулеріңізді сұраймыз. Осы ретте: «Тазалық жинаған жерде емес, шашпаған жерде болады» деген қағиданы естен шығармайық!», - деп түйіндеді «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері.

Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде өткен демалыс күндері Бурабай курортындағы жағжай аумағында қоқыстың шашылып жатқандығы туралы ақпарат тараған болатын. Еліміздің ең әсем курортында тазалықтың болмауы желі қолданушылардың ашу-ызасын тудырған еді.



Соңғы жаңалықтар