Бурабай маңында орнатылатын Абылай хан монументінің құны белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Бурабай маңында орнатылатын Абылай ханға арналған монумент жобасына конкурс жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр қыркүйек айында Абылай хан бабамызға арналған елімізде үлкен монумент бой көтерсе деген идеямен бөліскен едім. Әлеуметтік желілерде бұл тақырып бойынша қызу талқылау болып, сол жерде азаматтардың 95 пайызы қолдау білдірді деп айтсам өтірік емес. Сонымен қатар, мемлекет басшылығы тарапынан қолдауға ие болдық. Бүгін ұсынылып отырғаны бастапқы кескін (эскиз) деп айтуға болады», - деді қоғам қайраткері Арман Шораев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, жарты жыл мерзімде аталған монументті орналастыру орны тыңғылықты зерделенді.

«Осы орайда, Семейде, Ұлытауда немесе Алматыда орнату туралы ұсыныстар айтылды. Талқылаулар кезінде Бурабайдың маңында, Бурабай мен Көкшетаудың арасындағы Кенесары ауылының жанында 90 метрлік жотаны таптық. Осы монументтің биіктігі шамамен 50 метрді құрайды. Сондықтан ғарыштан көрінетіндей ауқымды ғимарат болады деп ойлаймыз. Бұр ретте тек қана мүсін емес, оның төменгі бөлігінде музей, коференц-холл болады. Жалпы бұл жоба Ақмола облысында, Бурабай аумағында туристік саланы дамытуға оңтайлы ықпал етеді деп ойлаймын», - деді қоғам қайраткері.

Арман Шораевтың айтуынша, аталған жобаға қатысты ертеңнен бастап халықаралық ашық конкурс жарияланады.

«Бүгін ұсынылған макет бастапқы нұсқасы болып саналады. Кейбір сәулетшілермен және мүсіншілермен кездесіп, жобаны пысықтадық. Конкурсты жариялаудың мақсаты – қазақы нақыштағы ерекше нысанының құрылысын жүзеге асыру. Бұл нысан өзін электр қуатымен, жылумен қамтамасыз ететін, яғни заманауи «жасыл» технологиялар енгізілген жоба болса деген мақсат бар. Мемлекеттен жер телімін, сол жерге тартылған жолды сұраймыз. Нысан орналасатын жер негізгі автожолдан бір шақырым қашықтықта болады», - деді ол.

Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру шығынын асарлатып еңсеру жоспарланып отыр.

«Конкурс ертеңнен басталады, ал сәуір айының 15-і күні алғашқы қорытындыны жасаймыз. Комиссия мүшелері үздік бес жобаны іріктеп алып, олардың авторларына тиісті қаржыны бөліп, макет жасатамыз. Амандық болса, 7 мамырда елордадағы әскери музейде конкурсты қорытындылаймыз. Комиссия құрамында Мәулен Әшімбаев, Шота Уәлиханов, Мұрат Әуезов, Тұрсын Жұртбай, Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай, Берік Әбдіғали, Төлеген Қажыбай, Досқан Жолжақсынов, Мұрат Мансұров, Зиябек Қабылдинов секілді намысын нанға сатпайтын азаматтар бар», - деді Арман Шораев.

Оның атап өтуінше, бұл монументті салып, толықтай іске асыруға шамамен 5-7 млн АҚШ доллары қажет болады.

«Бұл жоба іске қосылғаннан кейін, алдағы уақытта өзін-өзі қамтамасыз етеді. Өйткені туристер көптеп ағылады деп жоспарлануда», - деді қоғам қайраткері.

Еске сала кетейік, былтыр қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Абылай ханға арналған монумент салу жобасын қолдау керектігін айтты.



Соңғы жаңалықтар