Бурабай ауданының жаңа әкімі тағайындалды

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Сергей Кулагиннің өкімімен аудандық мәслихат депутаттарының келісімі негізінде Төлеген Жұмабекұлы Ташмағамбетов Бурабай ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы «ҚазАқпараттың» өңірдегі тілшісі хабарлады.

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Бурабай аудан активінің жұмысына қатысып, депутаттардан жаңа әкімнің кандидатурасын қолдауды сұрады.

Ұсынған кандидатураны аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап, дауыс бергеннен кейін облыс әкімінің өкімімен Т. Ташмағамбетов Бурабай ауданының әкімі болып тағайындалды.

Аудан активіне жаңа басшыны таныстырған облыс әкімі өңірде бірінші кезекте шешілуге тиісті міндеттер мен Елбасының тапсырмаларына тоқталып, ауданның жаңа әкіміне алда тұрған ауқымды жұмыстарды ерекше атап көрсетті. Сонымен бірге, ол аудан активі алдында жаңа әкімге сенім білдіріп, белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Өз кезегінде ауданның жаңа әкімі Т. Ташмағамбетов өзіне көрсеткен зор сенімдері үшін облыс әкімі мен депутаттарға алғысын білдіріп, осы сенімнен шығуға бар күш-жігерін аянбайтындығын жеткізді.

Айта кетейік, Төлеген Жұмабекұлы Ташмағамбетов 1967 жылы 10 қазанда Қостанай облысы Наурызым ауданы Докучаев ауылында туған. Білімі жоғары.1992 жылы Қостанай ауылшаруашылық институтын аяқтаған, мамандығы - зооинженер.

2002 жылы Қостанай бизнес және басқару институтын аяқтаған, мамандығы - экономист-бухгалтер.

Еңбек қызметін Қостанай облысының Наурызым ауданы «Көктал» совхозында бастаған. Содан кейін Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметін атқарған.

1992 жылдан бастап Қостанай облысы Наурызым ауданында ауыл шаруашылық саласында жұмыс істеген. 1994 жылдан бастап ассистент, Қостанай ауыл шаруашылық институтының ғылыми қызметкері.

1995 жылдан 2000 жылға дейін Салық комитеті органында әр түрлі басшылық лауазымында қызметін атқарған, 2000 жылдан 2006 жылға дейін Қостанай облысы Наурызым ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы болған.

2006 жылдан 2010 жылға қазан айына дейін Қостанай облысы Наурызым ауданының әкімі болып, 2010 жылдың 16 қазанында Ұзынкөл ауданының әкімі қызметіне тағайындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар