Бурабай ауданында тауарлы-сүт фермасы ашылды – Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бурабай ауданында тауарлы-сүт фермасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атамекен ауылында «Б.Д.Әбдірахманов» жеке кәсіпкерлігі ашқан фермаға Ресей және Түркияда шығарылған барлығы 32,3 миллион теңгенің жабдықтары орнатылған. Мұнда сүтті өндіріп, салқындатуға және сақтауға болады. Шаруашылық меншігінде 109 жылқы, 480 бас ірі қара бар.

Шаруашылық басшысы Болат Әбдірахмановтың айтуынша, ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 500 бас симментал сиырларын сатып алған. Ал, мемлекеттен алған несиесінің бір бөлігін мал азығын дайындауға қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға жұмсаған. Қалғанына қазіргі заманға сай жабдықталған бірнеше мал қорасын салған.

«Қазіргі уақытта сүтті бағыттағы 500-ге жуық сиырым бар. Одан алынған сүтті жеткізу жөнінде бекіткен келісімшарттарымыз бар. Жыл сайын сүт тапсыру көлемін де арттырып келеміз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылығымыз өз деңгейінде дамып жатыр. Ендігі жоспарым – мал басын көбейте түсу», – дейді шаруашылық басшысы Болат Әбдірахманов.

Нысанның ашылуына қатысқан Ғалымжан Әбдіқалықов тауарлы-сүт фермасын ашуда мемлекеттің бағдарламаның тиімді екенін атап өтті.

«Бүгінгі мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау көмек жеткілікті. Соны дұрыс пайдаланып қалуымыз керек. Жалпы, етті мал шаруашылығынан гөрі, сүтті мал шаруашылығын қолға алған тиімді», – дейді Ғ.Әбдіқалықов.

Сонымен қатар, ол облыстағы кейбір сүт зауыттарының толық қуатына шықпай отырғанын айтып, тауарлы-сүт фермасын ашқан кәсіпкер сүт сатып алатын тұтынушы іздеп бас қатырмайтынын еске салды. Осыған орай, кәсіпкердің табысы да жоғары болады. Табыс көп болған соң жаңа техника алып, машина-трактор паркін қазіргі заманғы өнімділігі жоғары техникалармен жаңартуға да мүмкіндігі бар. Оны осы күні «Б.Д.Әбдірахманов» жеке кәсіпкерлігінің базасының аумағында тұрған қазіргі заманғы егіс құралдарынан-ақ аңғаруға болады.

Соңғы жаңалықтар