Буллингпен қалай күресуге болады - заңгер жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық заңгер Ұлыбритания, АҚШ, Ресейдің тәжірибесіне сүйене отырып буллингке қарсы құрал ойлап тапқан. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында «Өзіңді және жақындарыңызды буллинг және кибербуллингтен қалай қорғауға болады» тақырыбында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Буллинг пен кибербуллингке байланысты неге назар аударуымыз керек? Біріншіден, психологиялық, физикалық түрдегі зорлық-зомбылық сияқты адам құқығының өрескел бұзылуына назар аудару қажет. Бұл құқық бұзушылықтарға қатысты қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартуға болады. Адамның ар-намысын таптау, балағаттау, зардап шегушінің рұқсатынсыз интимдік суреттерін тарату, өзгемен жазысқан хабарламаларды бұзып кіру, оны тарату - осының бәрі кибербуллингке жатады», - дейді БҰҰ-ның адам құқығы бойынша сарапшысы Халида Әжіғұлова.

Ол буллинг психологиялық зорлық-зомбылық ретінде отбасы ішінде болуы мүмкін екенін де айтты.

«Егер буллинг үйде жасалса - ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жатады. Егер ол жүйелі түрде қайталанып отырса ата-ана және отбасының басқа мүшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін», - дейді ол.

Ол булингпен қалай күресуге болатынын айтты.

«Мен «Street Law Kazakhstan» әлеуметтік және ғылым-білім беру жобасының координаторымын. Біз балаларды буллинг, кибербуллингтен қорғаумен айналысамыз. Былтырдан бері Алматыда осы бағыт бойынша сабақ берсек, биыл Қазақстан бойынша мұғалім, әдіскер, психологтарға онлайн сабақ берудеміз. Мен заңгер-ғалым ретінде Ұлыбритания, АҚШ, Ресейдің тәжірибесіне сүйене отырып буллингке қарсы құрал ойлап таптым. Егер оны мектепке енгізетін болсақ қауіпсіз ортаны қалыптастыруға көмектеседі. Мысалы, Ұлыбританияда 1 қыркүйек күні мектепке баласын апарған әр ата-ана буллингпен күресу туралы парақша алады. Ол жерде буллинг, кибербуллинг туралы толық ақпарат жазылады. Егер бала буллинг жасаса, яғни әлдебір баланы балағаттаса, кемсітсе бұл жағдай баланың жеке ісіне электронды форматта жазылады. Ол іс баланың бүкіл оқушылық өмірінде сақталады. Сондықтан ата-ана баласының буллер атанғанын қаламаса - баласымен жұмыс істеп, тәрбиесімен айналысады. Мұндай құрал біздің елдегі мектептерге де енгізілсе дұрыс болады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар