Бұл жолы дауыс санау процедурасы ұзаққа созылады – ОСК

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлаудан кейінгі дауыстарды санау процесі әдеттегіден ұзағырақ болмақ. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де басталып, кешкі сағат 20:00-де аяқталады. Дауыс беру рәсімі аяқталған соң, оларды санау басталады. Бұл жолы дауыстарды санау процедурасы әдеттегіден әлдеқайда ұзағырақ болмақ. Себебі бюллетеньдер саны әдеттегіден көп. Бірақ, заң бойынша дауыстарды санау 12 сағаттан аспауы тиіс», - деді Константин Петров ОСК-да өткен брифингіде.

Оның айтуынша, дауыстарды санау барлық сайлау учаскелерінде таңғы 8:00-де аяқталады.

«Содан соң сайлау учаскелері өздерінің қорытындылары туралы хаттамаларын тиісті аумақтық округтік комиссияларға жібереді. Біз 20 наурызда ол деректерді жариялаймыз. Дегенмен таңертеңгі сағат 10:00 немесе 11:00-де деп уәде бере алмаймыз», - дейді ол.

ОСК төрағасының орынбасары ұсынған мәліметке сәйкес, республикалық маңызы бар қалаларда (Астана, Алматы және Шымкент) дауыс беру төрт бюллетень бойынша саналады. Оның екеуі Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау және екеуі мәслихаттар бойынша. Ал 17 облыста дауыс беру бес сайлау бюллетені бойынша өтпек. Оның екеуі Мәжіліс бойынша, екеуі облыстық мәслихаттар бойынша және біреуі аудандық немесе қалалық бюллетеньдер.


Соңғы жаңалықтар