Бұл Жолдау мемлекетіміздің қалыптасып, жаңа кезеңге көшуінің көрсеткіші - Әскер Пириев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының бұл жолғы Жолдауы мемлекетіміздің қалыптасып, жаңа кезеңге көшуінің көрсеткіші. Мұндай пікірді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі - Астана қалалық түрік этномәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Мемлекет басшысының Жолдауларын 1997 жылдан бері қалт жібермей қадағалап, тыңдап келе жатырмын. Ал бұл жолғы Жолдау осыған дейінгілерін қорытындылап отыр десем артық айтқандық емес. Ерекшеліктері де өте көп. Теориялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, бұл Жолдау бір мемлекеттің және оның ішіндегі қоғамның қалыптасып, ары қарай жаңа кезеңге көшуінің көрсеткіші, халықтың сапалы өмірінің өзегі. Жолдауда білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау мәселелеріне жан-жақты тоқталған. Әрине, проблемалар да бар. Проблемасыз мемлекет жоқ. Бірақ, соның ішінде көптен бері шешімін іздеп келе жатқан мәселердің болуы қуантады. Соның шешімі осы Жолдаудан табылады деп ойлаймын»,- деді ол.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Жолдаудың басты бағдары 2019 жылдың «Жастар жылы» болып жариялантыны екендігіне айрықша назар аударды.

«Әрбір мемлекеттің келешегі жастардың қолында. Жастарға салынған инвестицияға баға жетпейді. Жасалып отырған осынау қолдау біздің келешегімізге, жастардың келешегіне, олардың алдағы жоспарларының жүзеге асырылуына керек мүмкіншілік, құрал десек те болады. 2019 жылдың ішінде жастар берілген мүмкіншілікті жан-жақты пайдалана отырып, өздерінің ғана емес келешектегі Қазақстан іргетасының одан ары қалыптасуы жолында еңбек етулері қажет», - деді Әскер Пириев.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Жолдауында мектепке дейінгі білім, орта білім, мәселелеріне де жан-жақты назар аударылғандығын айтты. Осы ретте спикер жоғары білім беру саласын дамыту бағытында көзделген шараларға тоқталды.

«Жоғары білім орындарына жаңа талаптар қойылады және Назарбаев Университеті сияқты политехникалық университет ашылады. Иә, елімізде бұл бағытта жоғары оқу орындары бар. Бірақ, бұл жолы сапаға айрықша көңіл бөлінетіндігін айта кеткен жөн. Неге десеңіз, әрбір мемлекет өзінің халқымен, қоғамымен күшті. Сол үшін, келешекте бәсекеге қабілетті қоғам болу үшін жай білім емес, сапалы білім болуы тиіс. Сол сапалы білімді алып, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықты жете түсінген адамның ішкі жан-дүниесінде алғыс сезімі қалыптасады », - деді ол.

Мұнан бөлек Әскер Пириев қоғамды құрайтын негізгі үш бағытқа да егжей-тегжейлі тоқталды. Оның біріншісі - қауіпсіздік. Яғни, адам өзін қауіпсіз сезінуі қажет. Екіншісі - денсаулық сақтау. Яғни адамның денсаулығы болуы керек. Ал үшіншісі - дені сау адам білімге ұмтылады. Сондай-ақ ол Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміз үшін өте маңызды іс-шараларда әрдайым алда жүретіндігін атап өтті.

«Бүгін ғана Ассамблеяның Жолдауды талқылауға арналған кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуда Елбасы Жолдауы қызу талқыланып, оны халыққа түсінікті жеткізу бағытында жұмыстар басталып та кетті. Мәселен, талқылау барысында ауылдық жерлерде қызметтік пәтерлердің болуы ұсынылды. Мектеп директорының, учаскелік полицияның, дәрігердің қызметтік пәтерлері болуы қажет деген сынды ұсыныстар болды. Жалпы, Жолдауда көтерілген барлық мәселелер халыққа керек? Егер Жолдауда көзделген тапсырмалардың барлығы тыңғылықты орындалатын болса, онда оның пайдасы мол боларына сеніміміз мол. Айта кетерлігі, Елбасымыз қолынан келген істің барлығын жасап, мемлекет те қажетті қаражатты бөліп жатыр. Енді халық оның қалай жүзеге асырылып жатқанын қадағалап отыруы тиіс», - деді Әскер Пириев.

Соңғы жаңалықтар