Бұл стандартты процедура - Абаев «Цеснабанкке» көрсетілген көмек туралы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттің неліктен «Цеснабанкке» көмек көрсеткенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет бұл жерде банкке емес, салымшыларға көмектесе отырып, ауыл шаруашылығы саласын күйреп қалуынан сақтап қалды. Елестете беріңіз, алдағы егіс науқанында 2 миллион (гектар -авт.) жыртылған жерге егін егілмей қалатын еді. Бұл дегеніңіз 335 елді мекенде өмір сүріп жатқан 300 мыңнан астам азаматтың күнкөрісі. Бұл шешім - жұмыс орынын сақтай отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлеуетті көтеруге мүмкіндік берді. Қаржылай көмектің болмай қалуынан туындайтын мәселелердің тізімі шынында да бұдан да ұзағырақ еді», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр сонымен бірге, «неліктен мемлекет бір банкке көмектеседі, ал екіншісіне көмектеспейді?» деген сұраққа жауап берді.

«Бұл жерде жүйе құраушы банктер барын түсіну керек. Ол банктер ірі құрылым. Егер осы жүйеқұраушы банктің жұмысында мәселе туындай қалса, оның әсерін салымшы болу, болмауымызға қарамастан әрбіріміз сезінеміз. Мемлекеттің позициясы қатаң әрі нақты - берілген барлық ақшаны банк белгіленген мерзімде беруі керек. Сонымен бірге, өз банкіне көмектесу тәжірибесі бүкіл әлемде барын еске салғым келеді. Мәселен, Германия өз банкіне 50 млрд еуро бөлді. Бұл дегеніңіз есептейтін болсақ, ірілігі жағынан екінші банкке бөлінген 20 трлн теңге деген сөз. Италия билігі өз банктеріне бірнеше жыл бұрын 20 млрд доллар бөлді. Менің ойымша, банктерді қолдау және олардан проблемалы активтерін сатып алу бойынша бұл стандартты процедура», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов «Цеснабанкке» не үшін көмек көрсетілгендігін түсіндірген болатын.

Соңғы жаңалықтар