Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек - Камал Әлпейісова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек. Ілеспе аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Камал Әлпейісова осылай дейді.

«Шәкәрім бабамыздың «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» деп басталатын терең философиялық өлеңі бар. Ойлап отырсам, кез келген қоғамда, сол қоғамда тұратын кез келген адамның басында бұрынғы жағдайдан өзгерек жайлар болады екен. Алысқа бармай-ақ, кеңестік кеңістіктен шыққан мемлекеттерді мысалға алсақ, олардың өзара иықтаса дамыған ұқсас тірлігінде Қазақстанды өзгешелендірген жайлар жеткілікті. Солардың ең бастысы - ел астанасын мемлекеттің географиялық орталығына көшіруі. Өз кезегінде бұл - менің ілеспе аудармашылық кәсіби өмірімде басқа жиындардан ел тарихы тұрғысынан алғанда өзгерек жиында аударма жасауыма себепші болды. 1997 жылы 14 желтоқсанда Кеңес Юсупов аға екеуміз үш мемлекеттің: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан республикаларының сол кездегі президенттері қатысқан, Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялауға арналған салтанатты жиында ілеспе аударма жасадық», - деп еске алады Камал Әлпейісова.

Кейіннен де осындай өзгерек сипаты бар бірнеше жиын болған. Солардың бірі - ТМД, Азия, мұсылман және түркі тілді әлемде еуразия кеңістігіндегі аса беделді ұйым - ОБСЕ - Еуразиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана саммиті. Камал Әлпейісова осы жиында да жұмыс істеді.

«Бұл - Солтүстік Атлантика мен еуразиялық кеңістікті біріктіретін бірегей диалог алаңы деп танылып, қызметі дау-жанжалдардың алдын алу, даму дағдарысына ұшыраған өңірлерді қалпына келтіру, сайлау науқанын жүргізу, экологиялық қауіпсіздік сияқты аса маңызды мәселелерді реттеуге бағытталған бірден-бір беделді ұйымның 11 жыл бойғы үзілістен кейінгі тарихи жиыны еді. Бұрын көршілес мемлекеттер президенттерінің сөздерін ілесе аудардым деп қуанып жүрсем, енді Еуропа мен Азияның мемлекет және үкімет басшыларының, саяси көшбасшыларының сөзін аудару сеніміне ие болдым. Сонда бір байқағаным, еліміз атынан мінбеге көтерілген тұлғалардың бірқатары басым көпшілікке түсінікті - ағылшын тілінде еркін сөйлегені. Мұны бізбен пікірлескенде басқа елдерден келген БАҚ өкілдері де атап көрсеткенде іштей мақтаныш сезімі пайда болды.

«Қанша тіл білсең, сонша есе байсың» дейді ғой... Сондай байлықтың керемет көрінісіне біздің елді басқалардан өзгешелендірген тағы бір жиын Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезінде куә болдық. Ол Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың діни экстремизмнің алдын алуға, әлем халқының бейбіт және лайықты өмір сүруі жолында ынтымақтастық, бірлік идеяларын тарату, өркениет құндылықтарын сақтау үшін діни көшбасшылардың беделдері мен әлеуеттерін тартуға үндеген бастамасынан туындаған болатын», - дейді ілеспе аудармашы.

Айта кетейік, Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыс елдерінен ислам, христиан, буддизм, иудаизм, басқа да конфессиялардың өкілдері қатысқан I съезде ілеспе аударма жасауға БҰҰ-ның мамандары тартылды. Сол аудармашыларды таң қалдырып, модератор, Съезд Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев съезді 5 тілде жүргізіп отырған.

«Қасым-Жомарт Кемелұлының жалпы жиынды қазақ тілінде жүргізіп, Англия шіркеуінің өкілі Николас Бэйнс - Епископ Кройдонаға сөз бергенде және пікір алысқанда ағылшынша сөйлеп, Буддашылардың жалпықытайлық қауымдастығының басшысы Цзямуян Лосанцзюмэй Туданьцюэцзинимаға қарата қытайша тіл қатып, православие дінінің өкілі - Алматы және Астана Митрополиті Мефодийге орыс тілінде, Константинополь православие шіркеуінің өкілі, Франция Митрополиті Эммануэльге французша сөйлегеніне қаншама биік деңгейлі жиында аударма жасап жүрген әріптестеріміз сүйсіне қарап отырды. Әлі есімде, үзілісте атақты аудармашы, БҰҰ-ның орыс тіліне аударма жасау қызметінің басшысы болған Н.Н.Зайцев: «Сіздерде барлық басшылар бірнеше тілде сөйлей ме?» деп сұрады менен. «Басым көбі сөйлейді», - дедім мен. Сәл асыра айтқаным рас. Бірақ Уинстон Черчилльдің «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» - деген сұрағына «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын», - деп жауап беретін Қаныш Сәтбаев атамыздың сөзі есіме түсіп, ел алдында жүретін азаматтар сондай болса екен арманымның жетегімен айтқаным да рас. Әлемдегі ең ірі төрт діни бағыт пен басқа да конфессиялардан Съезге келген делегаттардың модераторға деген ерекше ілтипаты, арада бірнеше жыл өткенде оның халықаралық ең беделді ұйым БҰҰ-ның басшылығына тағайындалғаны біздің топырақта туған азаматтың дүниенің төрт бұрышына қадірлі екендігін таныта түсті», - дейді Камал Әлпейісова.

Сөз басындағы «өзгерек» деген ойға қайта оралсақ, биылғы өтетін сайлау науқаны да өзгерек болайын деп тұр. Қоғамның әр жігінен кандидаттарға тіркелуге мүмкіндік жасалды.

«Президенттікке үміткер ретінде әйел затының кандидатурасы болуының өзі не тұрады?! Қазір әрқайсысының сайлауалды штабтары қызу жұмыс жүргізуде. Міне, осы сәтте, қызыл сөзге еріп, негізсіз уәделерге сеніп, қателесіп кетпеу абзал. «Өмір» деген алып мұхитта «Қазақстан» атты кеменің барша елдермен терезесі тең болып, алысқа жүзуі үшін ақылға салып, дұрыс таңдау жасауымыз керек», - деп түйіндеді сөзін Камал Әлпейісова.

Соңғы жаңалықтар