Бұл салмақты саяси мәлімдеме - Ерлан Қарин аудан әкімдерін сайлау жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. Қазақпарат - Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Мемлекет басшысының таяуда жария еткен реформалық бастамалары жөнінде пікір білдірді. Оның айтуынша, Парламенттің алғашқы сессиясында елдегі қоғамдық және саяси өмірге едәуір өзгеріс енгізетін мәлімдеме жарияланған, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

«Президенттің өткен аптада Парламенттің бірінші сессиясында жариялаған мәлімдемесі - президенттік саяси реформалардың үшінші пакеті деп айтуға болады. Бұл жерде ең үлкен жаңалық - Парламент пен мәслихаттарға сайлау кезінде сайлау табалдырығын қазіргі 7 пайыздан 5 пайызға төмендету жөніндегі шешімі. Бұл жөнінде ұзақ уақыт бойы айтылып жүргенімен, әртүрлі пікір болды. Сарапшылардың көбі сайлау табалдырығын түсіру бастамасын көтергенімен, кейбірі асығыстық танытпау керек деді. Бірақ еліміздегі плюрализмді ескере отырып, партиялардың рөлінің артып келе жатқанын ескеріп, Президент өзінің үндеуінде депутаттарға ой салды», - деді Ерлан Қарин елордада өтіп жатқан «Президенттік жаңа саяси реформалар пакеті» атты дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, бұл дұрыс шешім. Себебі аталмыш өзгеріс арқылы Парламент пен мәслихаттар алдағы сайлауларда қолдау тауып, өздерінің бағдарламаларын жеткізуде қосымша тетікке ие болады.

«Екінші үлкен бастама - сайлау бюллетеньдерінде «бәріне қарсы» нормасын енгізу. Бұл жөнінде де әртүрлі пікірталас болды. Мұндай норма біздің заңнамада болған. Бірақ кейін сарапшылардың пікірін ескере отырып, алынып тасталған. Қазіргі уақытта аталмыш норма азаматтарға тең құқық беру үшін енгізілгелі отыр. Бұл да біздің еліміздің саяси дамуы жолындағы маңызды шешім деп ойлаймын. Өйткені протестік және басқа да ой-пікірлердің институциялануына да алғышарт қалыптастырады», - деді ол.

Сонымен қатар Ерлан Қарин Мемлекет басшысының алдағы уақытта аудан әкімдері де сайлау арқылы анықталатынын айтқанын еске салды.

«Бұған дейін Президент ауыл әкімдері туралы айтып келсе, бұл жолы жоғары мінберден аудан әкімдерін де сайлау керектігін де жария етті. Бұл - Мемлекет басшысы тарапынан айтарлықтай салмақты саяси мәлімдеме. Себебі тұңғыш рет алдағы уақытта Мемлекет басшысы одан да жоғары деңгейдегі сайлау жүйесіне көшуіміз мүмкін екенін айтып қалды», - деді Ерлан Қарин.


Соңғы жаңалықтар