Бұл өте ауыр тәжірибе – Суданнан эвакуацияланған қазақстандық БҰҰ қызметкері

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Суданда қарулы қақтығыстың жалғасуына байланысты бірқатар мемлекет, оның ішінде Қазақстан, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өз азаматтары мен қызметкерлерін қауіпсіз жерге шығарып жатыр. ҚазАқпарат тілшісі Африка мемлекетіндегі жанжалдың қалай басталғанына куә болған отандасымыз – БҰҰ қызметкері Айгүл Нұрғабыловамен әңгімелесуге мүмкіндік тапты. Ол әскери бортпен Иорданияға қалай эвакуацияланғаны және әріптестерінің қазасына қатысты қайғылы жайттар жайында айтып берді.

- БҰҰ жүйесінде қанша уақыттан бері жұмыс істейсіз?

- Мен ЮНИСЕФ-тің – Біріккен Ұлттар Ұйымы балалар қорының қызметкерімін. Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау және тамақтану мәселелеріне, сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды үйлестіруге маманданғанмын. БҰҰ жүйесінде 20 жылға жуық, ал Суданда 2 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеймін.

- Қауіпсіз жерге шығару қалай жүргізілгенін айтып берсеңіз…

- ЮНИСЕФ кеңсесі Судан астанасы Хартум қаласында орналасқан. Қарулы қақтығыс басталғаннан кейін біз бассауға орнында болып, БҰҰ ұйымдастырған эвакуациялау іс-шарасын күттік. Сондықтан да бізді алғашқы мүмкіндік туған сәтте-ақ БҰҰ айдауылының көмегімен Хартум қаласынан Порт-Суданға (Суданның солтүстік-шығысындағы портты қала) дейін қауіпсіз жерге шығарды.

Эвакуация барынша сәтті өтті. Менің түсінуімше, бұл тарихтағы БҰҰ қызметкерлері мен олардың отбасыларының ең көп адамын, сондай-ақ өте жылдам эвакуациялау оқиғасы болған сияқты.

- Қазір Суданда не болып жатыр?

- Суданда екі әскери күш арасында билікті қайта бөлу жүріп жатыр. Бұл халықтың тұрмыс-тіршілігіне әсер етіп отыр. Әсіресе балалар, аналар, жүкті әйелдер, сондай-ақ қарттар, яғни мұндай қақтығыстарға ең осал топтар зардап шегуде.

Қазіргі уақытта біз Суданда денсаулық сақтау және тамақтанудың өмірлік маңызы бар бағдарламаларын ұсынуды үздіксіз жүргізу операциямызды жалғастырудамыз. Яғни, бізде вакцинация жалғасуда және балалар мен аналарға медициналық көмек көрсетіліп, дәрі-дәрмек жеткізілуде. Оған соғыс іс-қимылдары жүріп жатқан кей жерлерде мүмкіндік болып тұр. Себебі Суданның барлық өңірінде бірдей қақтығыс жүріп жатқан жоқ.

Дегенмен, жергілікті тұрғындар соғыс жүріп жатқан аудандардан барынша қауіпсіз жерге кетуге тырысып жатыр. Және де оған мүмкіндік болған кезде бізде көмек қолын созамыз. Суданда көптеген әріптесіміз, жергілікті судандықтар қалды. Олар шын мәнінде нағыз батырлар. Олар вакцинация, әбден азып-тозған балалар үшін тағамның ерекше түрлерін – терапевтік тағамды бөлу жұмыстарын атқаруды жалғастырып жатыр.

- Бейбіт тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмысы қалай жүргізілді? Бұқаралық ақпарат құралдары адамдардың елден қашып жатқанын, Суданда интернет ажырап, электр энергиясы жоқ екенін, Хартум халықаралық әуежайы жабық тұрғанын жазып жатыр.

- Қазіргі уақытта елде интернет-байланыс қайта іске қосылды. Бірақ, электр энергиясымен және сумен жабдықтауда әлі де болса іркілістер болып тұрады. Хартум халықаралық әуежайы қирап қалды десек те болады.

- Суданда қарулы қақтығыс басталған сәтте шетелдіктерге шабуыл жасалғанын естідіңіз бе?

- Қарулы қақтығыс басталған алғашқы күндері БҰҰ жүйесіндегі 4 әріптесімізден айырылып қалдық. Оның үшеуі Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының, ал біреуі Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның қызметкері.

Мен үшін де, әріптестерім үшін де бұл өте ауыр қаралы хабар болды. Олардың кейбірімен жеке таныс едім. Мен үшін мұндай жағдайда әріптестеріңнен және достарыңнан айырылу – қайғылы тәжірибе.

- Судан балаларының бірімен түскен суретіңіз бар сияқты. Ал балалар қарулы қақтығыс жайлы не ойлайды?

- Ол жедел медициналық көмек көрсету қызметінде жұмыс істейтін әріптесімнің баласы. Таяуда бізді ауызашарға шақырып, бірге болдық. Сол кезде оның ұлымен суретке түскен едім.

Судандық балалардың қарулы қақтығыс жайлы не ойлайтындығын білмеймін. Өйткені, оны сұрау жанға жара салады әрі әдепсіздік те болар еді. Дегенмен, әріптестерім мүмкіндігінше балаларға және олардың ата-аналарына қауіпсіз аймақ құруға барын салып жүр.

- Суданда Қазақстан азаматтары бар ма? Ол жақта отандастарымызбен хабарласып тұратын ба едіңіз? Қауіпсіз жерге шығарылған өзге Қазақстан азаматтары жайында дерегіңіз бар ма?

- Бірнеше отандасымызбен сөйлесіп тұратынмын. Бірі жекеменшік компанияда жұмыс істесен, екіншісі отбасылық жағдайға байланысты келген. Екеуі де Эфиопия арқылы қауіпсіз жерге шығарылды. «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымындағы тағы бір отандасымыз жұмысына байланысты Суданда қалды. Олар зардап шеккендерге көмек көрсетеді.

- ЮНИСЕФ-те жұмыс істейтін қазақстандықтар көп пе?

- ЮНИСЕФ-те түрлі елде, түрлі бағдарлама мен бағытта жұмыс істейтін отандастарымыз өте көп. Өйткені, ЮНИСЕФ – денсаулық сақтаудан бастап, балалар мен жасөспірімдердің тірі қалуы, олардың дамуы сынды көптеген түрлі бағдарламаны қамтитын үлкен ұйым. Бағдарламалар олардың денсаулық сақтау, білім алу, тамақпен қамтамасыз етілу құқықтарын қорғау мәселелерін қамтиды.

Қарулы қақтығыста бала құқықтарын қорғау, жауынгерлердің балаларын қорғау, балалардың отбасымен қауышуын қолдау бағытындағы бағдарламалар да бар. Мұнан бөлек, ЮНИСЕФ аясында су мен санитарияға қатысты өте маңызды бағдарлама жұмыс істейді. Ол бізге Суданда тырысқақ ауруының алдын алуға мүмкіндік берді.

- Қарулы қақтығысқа бірінше рет тап болдыңыз ба?

- Мұндай қарулы қақтығысқа алғаш рет тап болдым. Абхазиядағы жанжалдан кейін денсаулық сақтау жүйесін қалпына келтіру үшін жұмыс істеген кезімде осыған біршама ұқсас жайт болған еді. Ал мұндай қарулы қақтығысқа ұласқан жанжалмен Суданның шығысында жұмыс істеп жүргенімде, Эфиопияның Тыграй өңіріндегі қарулы қақтығыс кезінде бетпе-бет келген едім. Бір жылдан кейін, 2022 жылы Батыс Дарфурда жұмыс істеген кезімде де тайпааралық қақтығыстың тағы бір өршуіне куә болдым.

Бірақ, қазір бұл өзің куә болған, көшелерде соғыс іс-қимылдары жүрген теңдессіз оқиға. Әлі де біраз уақыт бойы ұшақ дыбысынан шошынып, отшашуды қарауға және тыңдауға дәтім бармайтын сияқты.

- Алдағы жоспарыңызды да бөліссеңіз…

- Қазақстанға рейсімді күтіп отырмын. Таяу күндері Астанаға ораламын және Судандағы ЮНИСЕФ қызметкері ретіндегі жұмысымды бұл елге қайта оралу мүмкіндігі туғанға дейін қашықтан жалғастыра беремін.

Сонымен қатар Қазақстанның Эфиопиядағы, Иорданиядағы және Мысырдағы Елшіліктеріндегі дипломатиялық қызметкерлерге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Әсіресе, Қазақстанның Эфиопиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Садықов Барлыбай Кәрімұлына жедел әрі тиімді жұмысы үшін шексіз ризамын. Өйткені, оның қолдауымен Порт-Суданнан Аманға БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың қызметкерлерін эвакуациялаған әскери бортқа дер уақытында үлгердім.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар