Бұл – менің арманым: Головкин Альвареспен трилогия жөнінде
2022 жылғы 28 маусым 04:10

Бұл – менің арманым: Головкин Альвареспен трилогия жөнінде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Мексика өкілі Сауль «Канело» Альвареспен өткізетін жекпе-жегінің маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

«17 қыркүйекте мен үшін, ол үшін, барша жанкүйер үшін, жалпы бокс үшін үлкен жекпе-жек болады. Біз боксты жаңа деңгейге көтереміз. Мүмкін, бұл қазір бокстағы ең үздік айқас, тарихи айқас. Бұл – менің арманым!», - деді Головкин баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында Сауль Альварес Головкинді мықты боксшы екенін мойындай отырып, оны нокаутқа жіберетінін айтқан еді.

Ал екі күн бұрын өткен алғашқы баспасөз мәслихатында Қазақстан спортшысы өзін екіжүзді деп санайтын «Канелоға» тілшілер алдында жауап қайтарды.

Еске салайық, Головкин-Альварес үшінші жекпе-жегі биылғы 17 қыркүйекте Лас-Вегас (АҚШ) қаласындағы T-Mobile Arena-да өтеді.

2017 жылы өткен алғашқы айқас тең аяқталды. Рематчта төрешілердің басым дауысымен жеңіс «Канелоға» берілді. Бұл жолы кездесу суперорта салмақта өтеді. Бұл дисциплинада Альварес абсолютті чемпион болып табылады.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT