Бұл да бір жаңа асу - Әміржан Әлпейісов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әміржан Әлпейісов Астана қаласы атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткенге өзіміздің көзқарасымызды білдірген уақытта тарихтағы тарихи тұлғаға үлкен мән береміз. Халқымыз «мың өліп, мың тірілген қазақ» деп айтады. Осы мың өліп, мың тірілген қазақтың тарихындағы тәуелсіздік үшін күресінің санын 362 немесе 365 деп жатамыз. Бірақ, қалай десек те мәселе - біздің тәуелсіздік үшін күрескенімізде. Енді сол тәуелсіздік алғаннан кейін егемендігіміздің қабырғасын салып қана қоймай, тұғырын көтерген тарихи тұлға - Нұрсұлтан Әбішұлы», - дейді Әміржан Әлпейісов.

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Елбасын астананың Сарыарқаға көшуінен бастап білетінін айтады.

«Сол тұста «Отан» партиясын құрып, сол кездегі Астана қаласының «Отан» партиясының алғашқы атқарушы директоры мен болған едім. Он шақты жыл сонда істеп, Ассамблеяда біршама еңбек еттік. Енді мен тарихшы және қоғам қайраткері есебінде айтарым, Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи тұлғалығын айтып жатудың өзі артық. Өйткені, 28 жылдың ішіндегі біздің еліміздің экономика мен саясатта, халықаралық қатынастарда жеткен жетістігі - ерекше екені даусыз», - дейді ол.

Әміржан Әлпейісов Астана қаласы елорда болғаннан кейін Астана емес, бірден Нұр-Сұлтан болсын деп кезінде Ақселеу Сейдімбек ұсыныс жасағанын айтады.

«Одан бері де біршама уақыт өтті. Дегенмен, тарихи сәттілік енді келген секілді. Себебі, Президент өзінің лауазымын тоқтатқаннан кейін сол мәселе қайтадан күн тәртібіне қойылып, іске асып жатыр. Қазір мен университетте сабақ беремін. Студенттермен, жастармен кездескенде олардың барлығы да осы Елбасының еңбегін бағалап, тарихи тұлға екенін, Нұр-Сұлтан қаласының біздің экономикамызға, елорданың ғана дамуына емес, Қазақстанның әлемдегі дамуына ерекше үлес қосқанын айтып отыр. Бұл бір жаңа асу, болашаққа деген бағытымыз. Сол себепті, менің ойымша, жай ғана дұрыс шешім емес, бұл біздің болашағымыз үшін қажеттілік», - дейді Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.

Әміржан Әлпейісов кез келген нәрсенің тұғыры, негізі болатынын атап өтті.

«Сол негізге қарап, үй салынады. Сол негізге қарап, бағыт анықталады. Вашингтон секілді қалалармен жай ғана салыстырғым келмейді. Өйткені, Қазақстанның Ұлы даласы, ұлттық ерекшелігі мен салт-дәстүрі - аз уақыттың ішінде Астана қаласында көрініп тапты. Бұл біздің елдігімізді, ерекше ұлт екенімізді айғақтайды», - деп түйді Әміржан Әлпейісов.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы - Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар