Бұл Боливия, Швейцария, Дубай емес: Қазақстанның көрікті жерлерінің видеосы жарияланды

None
Видеодан алынған кадр: instagram.com/talashin
АСТАНА. ҚазАқпарат – Отандық танымал видеограф Талғат Бекмағамбетов еліміздің ең көрікті жерлері таспаланған роликтер жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанымыздың бүкіл әлемге қаншалықты әдемі, ғажап екенін, байтақ жерлерге бай екенін көрсетейік!», - деп жазады Талғат Бекмағамбетов Instagram-парақшасында жарияланған видео сипаттамасында.

Видеографтың парақшасында еліміздің көрікті жерлері бейнеленген бірнеше видео бар. Солардың бірі «Бұл – Қазақстан, бірақ...» деп аталады. Бұл видео екі нұсқада, яғни қазақ және ағылшын тілінде. Онда дронмен әуеден түсірілген Ерейментау ауданындағы Көбейтұздың Маңғыстау облысындағы Бозжыраның, Батыс Қазақстандағы Ыбықты сайының, Бурабай ұлттық паркінің, Шығыс Қазақстан облысындағы күнбағыс алқабының, Қиын-Керіш шатқалының, Марқакөлдің, Катонқарағай, Алтынемел ұлттық парктерінің, Ақсу-жабағылы қорығының, Атырау облысындағы Индер көлінің, Ақтөбе облысындағы Ақтолағай қырқасының, Шарын шатқалының сұлу табиғатын тамашалауға болады.

Т.Бекмағамбетов аталған видеоларды Австралия, Норвегия, Швейцария, Иордания, Дубай, Боливия және өзге де елдерде бар көрікті жерлерді Қазақстанда да табуға болады деген мазмұнда түсірген.




Соңғы жаңалықтар