+7 (701) 759 90 19
USD 428.05 EUR 501.2
RUB 5.47 CNY 63.87
Jańalyqtar

Бұқтырмаға көпір салу: Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр

2020 жылғы 17 қазан 12:26
Бөлісіңіз:
Бұқтырмаға көпір салу: Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр

БҰҚТЫРМА. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей пәрменімен Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайтын «Қызыл ту» өткеліне көпір салынатындығы белгілі. Мұқым елдің мұңына Мемлекет басшысы назар аударған соң талай жылдан бері айтылып келе жатқан түйткілді мәселенің түйіні тарқатылған еді. Жуықта көпір құрылысы жөніндегі тендер мәресіне жетіп «Атырауинжстрой» компаниясы жеңіске жетті.

Көпір ұзындығы – 1300 метр

Күршім ауданынан облыс орталығына жету үшін сабылып паром күтіп, ал қыс кезінде мұз үстімен жүріп әбден ығыры шыққан дүйім жұрт қалаға қоныс аудара бастаған болатын. Ал 2019 жылдың тамыз айында 2 бірдей паром істен шыққанда тұрғындар өткелдегі ұзын-сонар кезекте сағаттап тұрған. Осыған орай, облыс әкімі Даниал Ахметов ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жағдайды бақылауға алуды, полиция қызметкерлеріне кезекшілікті күшейтуді тапсырған-тұғын. Десе де көпір салынбаса өткел мәселесі түбегейлі шешілмейтіні анық еді. Бұл әсіресе халық саны жыл санап азайып келе жатқан күршімдіктерді толғандырған.

Өткен жылдың қыркүйек айының ортасына таман осы жайлы республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде мақала жарияланды. Сөйтіп еліміздің бас басылымында көтерілген мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткен.

«Egemen Qazaqstan» газеті ШҚО Күршім ауданының 20 мыңнан астам тұрғынын толғандырған өзекті мәселені көтерді. Халық 50 жыл бұрын салынған ескі пароммен қатынап жүр. Үкіметке Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын», – деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Twitter парақшасында.

Көп ұзамай Даниал Ахметов Президент тапсырмасының сөзсіз орындалатындығын, тиісті жобаның дайын екендігін, аз уақыттың ішінде арнайы процедура өткізілетіндігін жеткізді. Ақпан айына қарай көпір құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлінетіндігі белгілі болды.

«Сметалық құжаттамаға сәйкес жоба үш жылда іске асады. Көпір Құйған ауылының тұсынан салынады. Оның ұзындығы 1 300 метрді құрайды. Жүргізушілер көпірден еш ақы төлемей өте алатын болады», – деді сол кезде ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Тендер жарияланып, жеңімпаз анықталды

Goszakup.gov.kz порталындағы мәліметтерге сүйенсек, еліміз тәуелсіздік алғалы бері су қоймасы үстіндегі алғашқы көпір құрылысына жауапты мердігерді таңдау бойынша конкурс төрт айға созылған. Хабарландыру жарияланған кезде екі компания – «Казахдорстрой» ЖШС және «Bazis Construction» ЖШС көпір салуға ниет білдірді. Бірақ екеуі де квалификациялық іріктеуден өте алмаған. Екінші мәрте хабарландыру жарияланғанда бес компания өтінім берді. Атап айтсақ, оның екеуі жергілікті «ОблШығысЖол» мен «Service СМУ», екеуі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Казстройподряд» пен «Казахдорстрой» және атыраулық «Атырауинжстрой-АИС» компаниясы.

Жобаны талқылау кезінде мердігерлердің қойған негізгі сауалы – «Құрылыс-монтаж жұмыстарының сметасы көбейтіле ме?». Өйткені жобалық-сметалық құжаттама 2017 жылы жүргізілді, ал жоба бойынша мемлекеттік сараптама мерзімі екі айда – 2020 жылдың 8 желтоқсанында аяқталады. Осы уақытта құрылыс материалдары мен қызметтердің бағасы өсіп, ұлттық валютаның құнсызданғаны белгілі. ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраровтың айтуынша, көпір құрылысын республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін 5 млрд теңгеге өтінім жіберілген. Алайда оны республикалық бюджеттік комиссия мақұлдамады.

«Біз биыл өз тарапымыздан облыс бюджетінен 200 млн теңге бөлдік. Қазір тендер аяқталып, мердігер белгілі болғанымен екі компания конкурс шешімімен келіспей сотқа арыз түсірді. Оның шешімі осы айдың ішінде шығуы тиіс», – деді ол.

Көпір құрылысын жүргізуі ықтимал «Атырауинжстрой» компаниясы – 1995 жылы кеңес заманындағы «Алмаатаспецстрой» базасында құрылған «Алматыинжстрой» акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны. «Алматыинжстрой» холдингі көп жылдар бойы Forbes Kazakhstan іскерлік журналының «ҚР-ның үздік 50 ірі жеке компаниялары» рейтингінде тұр.

«Атырауинжстрой» ЖШС 2016 жылдан бастап ИСО 9001-2016 сериалы халықаралық стандартқа сәйкес келетін сапа менеджменті жүйесін енгізген. Компанияның I-ші санаттағы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік лицензиялары ISO жүйесі бойынша сертификатталған. ЖШС көлік жолдарын, тротуарларды, өтпежолдарды, жүргіншілер және автокөлік көпірлерін салу, қайта қалпына келтіру, аэродром жабындысын жөндеу, аумақтарды абаттандыру, жер қазу жұмыстарының барлық түрлерін жүргізу бойынша мамандандырылған.

Паром жөнделіп, кезек азайды

Былтыр «Қызыл ту» өткеліндегі екі паромның істен шыққаны жайлы жоғарыда айттық. Осы жылдың мамыр айында «РЭОМ» ЖШС ескі паромды жөндеуге кіріскен болатын.

«Өткел басшылығының бармаған жері қалмаған. Бірақ көбісі ескі паромды жөндеуден бас тартыпты. Сөйтіп, биыл мамыр айында «Қалқымалы өткел» ЖШС директоры Айдар Мамиев бізге жүгінді. Бірден келісімімізді беріп, қолдан келгенше жөндеуге тырысатынымызды айттық», - дейді компания директоры Асхат Нұриман.


Мамандар 1953 жылғы электрқозғалтқышты мұқият тексерген. Қазір осындай қозғалтқыштар мүлде шығарылмайды екен.

«Ең қиыны, электрқозғалтқыштағы коллектор тесіліп қалған. Коллекторды ашқаннан кейін қайта құрау оңай шаруа емес. Көптеген мекемелердің осыдан сескенгені анық. Техникалық директорымыз Қайрат Жақыпов, электроцех мастерлері Мейір Сейітов пен Дмитрий Колотей, орау цехының бригадирі Наталья Селюн, слесарьлар Қымбат Қазыбеков пен Евгений Пастушенко бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеді. 1 айдың ішінде коллекторды жөндеп бітірдік. Алайда паром жүрмей қойды. Себебі оның басқа да сынып тұрған жерлері бар екен», – дейді ол.

Осылайша, электрқозғалтқышты қайта алған олар толықтай жөндеуден өткізді. Өткел директоры Айдар Мамиев те саймандарды табуға барынша көмек көрсеткен. Нәтижесінде 3 айға жуық уақыт өткенде барлық жұмыстар аяқталды. Тамыз айының ортасында паром қайтадан қатынай бастап, бүгінге дейін үздіксіз жүріп тұр.

Десе де дүйім жұрт көпірдің салуын тағатсыздана күтуде.

«Өткен жылы бір паром бұзылып қалғанда «Васильев» өткелінің паромы осында жіберілген-тұғын. Яғни қазіргі уақытта «Қалқымалы өткелде» 3 паром жүруде. Осының арқасында бәсекелестік пайда болды. Халық қай пароммен баратындарын өздері таңдайды. Енді алдағы уақытта баға арзандауы ықтимал. Бұл күршімдіктер үшін жағымды жаңалық. Бірақ көптің күтіп жүргені – көпір. Құрылыс жұмыстары тезірек басталса нұр үстіне нұр болар еді», - дейді тұрғын Төлеген Кінәсілов.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Талғатжан Мұхаметбекұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT