Бұқтырмада салынып жатқан көпір құрылысының қарқыны қандай

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шығыс Қазақстандағы Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайтын «Қызыл ту» өткеліне көпір салынып жатқаны белгілі. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

«Бұл үш ауданды байланыстыратын бірегей стратегиялық және әлеуметтік нысан. Көпір құрылысы бірден екі жағалаудан жүргізілуде және маусымдық ауа райына тәуелді болмас үшін техникалық көпір салынды. Қазіргі таңда құрылысшылар екі ауысымда жұмыс істеп жатыр», - деді ол.

Көпірдің ұзындығы - 1316 метр болмақ. Елде бұған дейін ондай көпір салынбаған.

«21 тіректің 9-ы салынды. Болашақ өткел берік болуы үшін ең заманауи технологиялар қолданылуда. Мысалы, тіректің тереңдігі 40 метрден асады. Төсемнің ені 10 метрді құрайды. Көпір кеме қатынасына кедергі келтірмейді. Қазақстан үшін бірегей нысанның салынуы Күршім, Тарбағатай және Зайсан аудандарының логистика мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ көпір аталған аудандардың экономикалық және әлеуметтік дамуына, туризм, өнеркәсіп және кәсіпкерлікке жаңа серпін бермек», - деді Даниал Ахметов.

Еске салсақ, осыған дейін Бұқтырмадағы көпір құрылысында вахталық әдіспен 50 адам жұмыс істеп жатқанын, олар үшін 250 орындық жатақхана қалашығы салынғанын хабарлаған едік.

Өткен жылы көпір құрылысына 1 млрд теңге бөлінді.

Екі жолақты автокөлік көпірі Құйған ауылының жанындағы жасанды су қоймасының ені ең жіңішке учаскесінде салынуда.


Соңғы жаңалықтар