Бұқтырмада 24 адамды құтқарып қалған төрт азамат марапатталды

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Бұқтырма су қоймасында 24 адамды құтқарып қалған төрт азамат марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сын сағатта батыл әрекет еткен Асқар Сайлаубаев, Дәулет Сайлаубеков, Дамир Мұхамадиев пен Сұлтан Тайжанов марапатталды. Оларға Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың Құрмет грамотасы берілді.

Оқиға 17 шілдеде сағат 19:00 шамасында Ұлан ауданындағы Бұқтырма су қоймасының бойындағы «Аюда» демалыс базасынан үш шақырым жерде болған. Жолаушылар тасымалдайтын кеме қатты желдің салдарынан суға бата бастады. Кеме «Садко» демалыс базасынан «Аюда» базасына қарай жүріп келе жатқан. Сол кезде скутермен келе жатқан 4 жігіт кемені байқап, көмекке ұмтылды.

«Ойланатын уақыт болған жоқ. Дереу жетіп, бірнешеуіне жилет бердік. Көптен бөлектеніп қалған 2 адамды қайтадан сол жерге жеткізіп тастадық. Қасымдағы жігіттер суға секіріп, сонда қалды да мен скутермен кеме алып келуге кеттім», - деген еді Асқар Сайлаубаев ҚазАқпарат тілшісімен сөйлескенінде.

Бейбіт күннің батырларына марапаттарды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерлан Нұрпейісов табыс етті.

«Жағдайды бағалауға уақыт болмаған осындай қиын сәтте сіздер дұрыс әрі жедел әрекет еттіңіздер. Осылайша, батылдық пен батырлықтарыңызды көрсеттіңіздер. Соның арқасында көптеген адам құтқарылды», - деді Е.Нұрпейісов.


Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі




Соңғы жаңалықтар