Бұқтырма жағалауында кәсіпкерлерге жер беру уақытша тоқтатылмақ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында кәсіпкерлер мен тұрғындарға жер беру уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінде өткен жиналыс барысында Бұқтырма су қоймасының жағалауын көркейтіп, демалушылар санын арттыру жайлы сөз қозғалды. Облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Мұстафин демалыс орнын дамытудың бас жоспарын әзірлеуді ұсынды.

«Бүгінде жағалауға бос жатқан жер телімдері бар. Кейбіреулер сонда асығыс-үсігіс үйлер салып жатыр. Оларды тоқтатып, демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін жағалауды дамытудың бас жоспарын әзірлеу керек. Алакөлдің үлгісі бойынша инфрақұрылымды жақсарту үшін қанша қаражат қажет екендігін анықтау қажет», - деді ол.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов бұл ұсынысты мақұлдап, апыл-ғұпыл құрылыс жұмыстарын болдырмау керектігін айтты. Өз сөзінде ол нақты бас жоспар әзірленгенге дейін жаңа жер телімдерін беруді және онда құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беруді тоқтата тұру қажеттігін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар