Букмекерлік кеңселердегі ставкаларды есепке алу орталығы құрылады - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Букмекерлік кеңселерде бәс тігуге қатысудан шектеу тетігін іске асыру үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру жоспарланып отыр.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралуда.

«Заң жобасы бумекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін реттеу әрі бақылауды жетілдіруге, құмар ойындар мен бәс тігуге тартылатын және тәуелді азаматтардың санын қысқартуға бағытталған. Заң жобасының жұмысына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері және министрлікте құрылған жұмыс тобы аясындағы қоғамдық ұйымдардан сарапшылар қатысты», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, ойын бизнесі туралы құжатта құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан өзін-өзі шектеу тетігі енгізіледі.

«Уәкілетті мемлекеттік органдарда букмекерлік кеңселер мен ойыншылардың арасындағы ақша операциялары туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ бәс тігуге қатысудан шектеу тетігін іске асыру үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру көзделеді.

Қазіргі уақытта саланы мемлекеттік реттеудің маңызы букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың айналымы туралы нақты мәліметтердің болмауына байланысты. Осы себепті ставкаларды есепке алу орталығын құру ұсынылады, бұл ретте онда букмекерлік кеңсеге қолма-қол немесе электрондық төлем жүйелері арқылы түсетін барлық төлемдер ескерілуі тиіс. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға түсетін барлық төлемдердің бірыңғай есебі көлеңкелі айналымды болдырмауға, салықтардың жиналуын арттыруға, бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік береді», - деді Ақтоты Райымқұлова.


Соңғы жаңалықтар