Букмекерлер 100 млн фунт ақшадан қағылуы мүмкін: Ұлыбританияда құмар ойындарын қадағалау күшейеді

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ұлыбритания үкіметі Құмар ойындар туралы заңды реформаламауды жоспарлап отыр. Осылайша билік халықты лудоманиядан қорғамақшы. Жаңа өзгерістерге сәйкес, ставкалардың жоғарғы шегі енгізіледі. Онлайн ойын автоматтары үшін оның көлемі 15 стерлинг фунтынан, яғни шамамен 9 мың теңгеден аспауы керек. Британ билігі бәс тігемін деп басы бәлеге қалатындарды тағы қалай қорғауды жоспарлап отырғанын ҚазАқпарат тілшісі зерттеп көрді.

Есімін өзгертіп көрсетуді өтінген Луис - 2014 жылдан бері құмар ойындарға әуес. Бастапқыда футбол мачтарына бәс тігіп, жүздеген мың фунтынан қалай айырылып қалғанын байқамаған. Бес жылдан кейін ес жиып, букмекерлік кеңселерден жеке аккаунтын бұғаттап тастауды өтінеді. Бірақ қайта аштырып, тағы да ойынқұмарлыққа шалдыққан.

«Менің өз үйім болар еді, бірақ табысымды түгел ойынға жұмсадым. Жақсы өмір сүруім де мүмкін еді. Бірақ жалақымды екі күннің ішінде жаратып тастап жүрдім», - дейді құмар ойындардың құрбаны Луис.

Осы индустрияны бақылайтын мемлекеттік Құмар ойындар жөніндегі комиссияның мәліметі бойынша, Ұлыбританияда жылына 10 млрд стерлинг фунтынан астам ақшаға бәс тігіледі. Құмар ойынның қызығынан шыға алмай жүргендердің саны шамамен 1 млн 300 мың адам. Олардың 10 проценті - құрдымға кетіп, қарызға белшеcінен батқандар. Бизнес онлайн платформаларға көшкелі жағдай тіпті ушыға түсті. Сондықтан билік 2005 жылы қабылданған «Құмар ойындар туралы» заңға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.

«Біз ережелер мен нормаларымыздың қазіргі заманға сай болуына жауаптымыз. Осылайша, халықтың осал топтарын қорғамақшымыз және басқа адамдардың құмар ойындардың шырмауына түсуіне тосқауыл қоюымыз керек. Мен Қауымдар палатасының әрбір мүшесімен бірге жұмыс істеп, тиісті заңға өзгерістер енгізуге дайынмын», - дейді Ұлыбританияның Мәдениет, БАҚ және спорт министрі Люси Фрейзер.


Жоспар нені қамтиды?

Құмар ойын салығы енгізіледі

Букмекерлік кеңселер тәуелділікке түскендерді емдеуге және осы саланы зерттеуді қаржыландыруға міндеттеледі.

Қаржылық жағдайға мән беріледі

Құмар ойындарына айына 1000 стерлинг фунтын, яғни 560 мың теңгеден астам ақша жұмсайтын адамның төлем қабілеті тексеріледі.

Шектеулер енгізіледі

Онлайн автоматтағы бір айналым үшін 15 стерлинг фунтынан, яғни 9 мың теңгеден астам ақшаға бәс тігуге тыйым салынады.

Заңға өзгерістер енгізілсе, букмекерлік кеңселердің шығыны қандай болатынын мамандар есептеп тастады. Олардың пікірінше, букмекерлер бір жылда 50-100 млн стерлинг фунты аралығындағы ақшадан қағылуы мүмкін екен.

«Жылына 4,2 млрд. фунт салық төлейміз. Біздің үнемі немесе ай сайын бәс тігетін 22,5 млн. клиентіміз бар. Жаңа өзгерістерге қатысты маңызды мәселеде барлық тараптар тыңдалып, терең зерттелуі керек. Біз үкіметпен бірге жұмыс істеуге дайынбыз», - дейді Ставкалар мен құмар ойындар кеңесінің төрайымы Бриджит Симондс.


Қауымдар палатасында оппозициялық Лейбористер партиясының атынан сөз сөйлеген Көлеңкелі үкімет министрі Алекс Дэвис-Джонс өзгерістердің басым бөлігін құптайтынын айтты. Бірақ біраз мәселенің ескерілмегенін және реформаның уақытынан кеш дайын болғанын сынға алды.

«Үкімет бұл құжаттарды қабылдауды бірнеше рет кейінге қалдырғаны белгілі. Бүгін жария еткен жаңалықтары 1 жыл бұрын әзір болды. Бұған дейін билікте отырған 10 министр заңға өзгерістер енгіземіз деп баяғыда уәде еткен. Қалай болғанда да бұл бастаманы біз қолдаймыз», - дейді Ұлыбританияның көлеңкелі үкімет министрі Алекс Дэвис-Джонс.


Сыншылардың пікірінше, жаңа реформада жұртты адастыратын жарнамаға шектеу қойылмаған. Әсіресе, теледидар көретін жас жеткіншектерге қиын. Қолда бар мәлімет бойынша, 11 мен 16 жас аралығындағы 450 мың бала құмар ойындар ойнайды, ең сорақысы сол - олардың 55 мыңы соған тәуелді болып қалған.

«Құмар ойындардың жарнамасына толығымен тосқауыл қою керек. Бірақ үкімет тек футболшылардың киіміндегі үгіт-насихатқа тыйым салып отыр. Ал букмекерлік кеңселер тақтайшаларда, жарнамалық үзілістерде бәс тігуге үгіттеуді жалғастыра береді», - деді құмар ойындарының құрбаны болған Оунли Фил.


Статистикаға сүйенсек, тәуелділікке түсіп, өз-өзіне қол жұмсағандар саны 1000-нан асады. Құмар ойындардың шырмауына түскендердің жақындары осы реформаны жылдар бойы күткенін айтады. Бірақ заңға өзгерістер енгізілгенше, талай талқылаулардан өтіп, тағы да орға жығылғандар көбейеді деп налиды олар.


Соңғы жаңалықтар