Бүкіләлемдік банк: Нұр-Сұлтан субмемлекеттік рейтингте көрсеткішін жақсарта түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақстанда бизнес жүргізу» зерттеуінде үздік нәтижені Нұр-Сұлтан қаласы көрсетті. Бұл туралы астанадағы есеп беру жиынында Бүкіләлемдік банктің жаһандық индикатор департаментінің басшысы Рита Рамальо айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бизнесті жүргізу бағытындағы Жаһандық баяндамада Қазақстан жоғары көрсеткішке ие. Ол әлемнің дамыған отыз елінің қатарына енеді. Соңғы 16 жылдың ішінде Қазақстан барлығынан жылдам реформа жасап үлгерді. Алайда субмемлекеттік зерттеу жұмысын неліктен жүргізу керек болды? Жаһандық зерттеу кезінде біз Алматы қаласына мән береміз. Ал Қазақстанның басқа аймақтары ескерілмейтін. Сол себепті, ірі қалаларға ғана маңыз бермей, барлық аймақтарға назар аударған жөн. Бизнес-реттеуді неліктен жүргізу керек? Өйткені, біз кәсіпкерлікті жігерлендіріп, жеке секторда жұмыс орындарын ашуды жоспарлаймыз. Кез келген мемлекетте жеке сектор маңызды фактор саналады. Дұрыс жолға қойылған бизнес - процедураларды реттеуде жоғары маңызға ие», - деді Рита Рамальо.

Оның айтуына қарағанда, зерттеу барысында бизнес-реттеудің деңгейі өлшенеді. «Қазақстандағы бизнесті жүргізу» зерттеуіне сегіз қала - Қостанай, Алматы, Өскемен, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары енген.

«Егер Алматыны Нұр-Сұлтанмен салыстыратын болсақ, жағдайдың неліктен айырмашылығы барын аңғарамыз. Нақты бағыттарды өлшеу жолымен реформалардың болашағы айқындалады. Баяндамаға сәйкес, алғашында зерттелген сегіз қала кәсіпкерлік салада көрсеткішін жақсарта түсті. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласының индикаторында айтарлықтай өсім бар», - деді Бүкіләлемдік банктің сарапшысы.

Баяндамада айтылғанындай, бизнес үшін жайлы жағдай Алматы қаласында қалыптасқан.

Айта кетсек, субмемелкеттік рейтинг төрт көрсеткіш - кәсіпорынның ашықтығы, құрылысқа рұқсат алу тәртібі, электр жүйелеріне қосылу көрсеткіші мен жеке мүлікті тіркеу шарттары бойынша жүргізіледі.

Еске сала кетейік, Бүкіләлемдік банк Қазақстанның бүкіл өңірлеріне субұлттық рейтинг жүргізетінін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар