Бүкіләлемдік банк Қазақстанның бүкіл өңірлеріне субұлттық рейтинг жүргізеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік банк пен Ұлттық экономика министрлігі «Doing business»-тің субұлттық рейтингі зерттеуінің нәтижесі бойынша есеп береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлтық экономика вице-министрі Арман Жұмабеков атап өткендей, бизнес жүргізу бойынша біздің еліміз халықаралық рейтингте айтарлықтай жоғары көрсеткішті көрсеткен.

«Үкімет жүйелі түрде реформаларды жүргізіп келеді. Ол реформалар жемісін беріп жатыр. 2014 жылдан бастап Кәсіпкерлік кодекске жеті бірдей заңнамалық өзгеріс енгізілді. Осының арқасында Қазақстан қазіргі таңда бизнестің жайлылығы бойынша отыздыққа еніп, 190 елдің ішінде 28-ші орыннан көрініп отыр. 28-ші орын, әлбетте, жоғары көрсеткіш. Алайда біз бұнымен шектеліп қалмаймыз», - деді Арман Жұмабеков елордада өтіп жатқан жиында.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, жүргізіліп жатқан реформалардың барлығы аймақтардың жетістіктерімен өлшенеді.

«Аймақтардағы жұмыстарының нәтижесінен ғана қабылданған заңның тиімділігі көрінеді. Сол себепті, Қазақстан Үкіметі мен Бүкіләлемдік банк мемлекеттің бизнеске қатысты реформалары қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатқанына талдау жүргізеді», - деді ол.

Арман Жұмабеков өз сөзінде Қазақстанның 8 аймағында 2017 жылы «Doing business»-тің субұлттық рейтингінің пилоттық жобасы қосылғанын айтты.

«Сол рейтингтің қорытындысы бойынша аталмыш рейтингті Қазақстанның бүкіл аумағына өткізу туралы шешім қабылданды. Бүкіләлемдік банк сарапшыларының талдауы өңірлердің осы процесске қаншалықты қатысатынын көрсетіп беруі тиіс. Субұлттық рейтингтің қорытындысы осы бағыттағы үздік тәжірибелерді танытары сөзсіз. Ең үздік тәжірибелер республиканың басқа аймақтарына таратылады», - деді вице-министр.

Айта кетсек, Doing business - Бүкіләлемдік банкпен жүргізілетін, әлемдегі инвестициялық климаттың жай-күйін анықайтын индикатор.

Соңғы жаңалықтар