Бүкіл күш-жігер қалған 12 үйді жылуға қосуға жұмылдырылды – Екібастұз әкімі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин тұрғын үйлерге жылу беру жұмысы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті жерлестер, біз жылыту желісін қалпына келтіру және үйге дейін жеткізу жұмысын толығымен аяқтадық. Ендігі мәселе - 12 көпқабатты тұрғын үйге жылу беру. Бұл оңай шаруа емес, себебі біраз үйдің жылыту желісі қатып қалған. Мұздап қалған жылу құбырларын ауыстырып жатырмыз. Қолдағы бүкіл ресурс 12 үйді жылуға қосуға жұмылдырылды. Жылыту бірліктері толығымен іске қосылды. Енді жылуды тұрғын үйлердің жоғары қабатына жеткізу міндеті тұр. Сол бойынша жұмыс жүріп жатыр. Мен қазір Мәшһүр Жүсіп, 52 мекенжайындағы жұмыс барысын қадағалауға келдім. Біздің мамандар түнімен жұмыс істегелі отыр», - деп баяндады қала басшысы Аян Бейсекин.

Оның айтуынша, күндіз жылу жүйесін қалпына келтіру үшін 800-ге жуық адам еңбектенді.

«Жерлестеріме айтарым, сәл шыдамдылық таныту керек. Жақын арада барлық жұмысты аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», - дейді ол.

Айта кетсек, жедел штаб ұйымдастырған кешкі брифинг барысында Екібастұзда 12 үйге жылу ішінара қосылғаны айтылды.

Сондай-ақ, шаһар басшысы тұрғындар шығынының қалай өтелетінін түсіндірді.

Одан бөлек, қаладағы төтенше жағдай режимі қашан алынатыны айтылды.

Соңғы жаңалықтар