Бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі әрі жағымды өзгерістер күтіп отыр - Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіне жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, соттар заманауи технологиялардың барлық жетістіктерін пайдалануға міндетті. Бұл орайда консервативті тәсілдерге орын жоқ.

Сонымен бірге заман талабына сай технологиялық шешімдерді белсенді түрде енгізе отырып, уақыт ағымынан қалмау қажет.

– Ұсынылып отырған IT-қызметтер біріктірілген білім базасын құруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бұл арқылы сот өз әріптестерінің осыған ұқсас істер бойынша шығарған шешімдерін көре алады. Бұл соттың қате актілерді қабылдауына жол бермейді. Процеске қатысушылар ІТ-технологиялардың артықшылығын сезінуі қажет. Оларға өз ісінің ықтимал нәтижесі туралы білу маңызды. Ол үшін барлық мүдделі тараптарға сот жүйесінің ІТ-қызметтері қолжетімді болуы керек. Дегенмен ақпараттың құпиялылығына қойылатын талаптар сақталуы тиіс. Бұл, шын мәнінде, күрделі міндет. Мұны терең зерделеп барып, ақылмен шешу керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект элементтерінен тұратын сот жүйесінің жаңа ақпараттық қызметін егжей-тегжейлі зерттеп барып әзірлеуді тапсырды.

Оған енгізілетін көптеген сот актілері негізінде ол істің ықтимал нәтижесін болжай алады.

Бірақ дұрыс қабылданбаған шешімдердің кесірінен қателік туындау қаупі де бар.

– Шын мәнінде, сот жүйесі тиімді болса, қоғамда заң үстемдігі берік орнығады. Реформалар да табысты жүзеге асырылады. Түптеп келгенде, бұл азаматтарымыздың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Сондықтан сот жүйесін жаңғырту ісі жалғасын табады. Алдағы кезеңде реформаға қатысты маңызды міндеттерді шешуіміз керек. Бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі әрі жағымды өзгерістер күтіп отыр. Осы сенімді ақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.


Соңғы жаңалықтар