Бүкіл әлем домбыра үніне құлақ түрсе деймін –Маржан Қапсамат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 23 жастағы қазақстандық Маржан Қапсамат домбырамен күй шертіп, оны Instagram-дағы парақшасында жариялауды әдетке айналдырған. Ол осы арқылы домбыраны әлемге танытқысы келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жақында Маржан туралы ақпарат америкалық Vogue журналына жарияланды. Әйгілі журнал оны Instagram әлеуметтік желісіне салыпты. Қызғылт түске боялған көлде ұлттық киіммен домбыра шертіп отырған Маржан шетелдіктерді бірден баураса керек.


Маржан музыканттар отбасында дүниеге келген. Оның туған-туысқандарды бірнеше музыкалық аспапта ойнайды. Әкесі домбыра тартып, ән салады. Маржан отбасында домбыра тартуды кәсіби түрде шерте алатын жалғыз адам.

«Мен домбыраны кәсіби түрде меңгергеніме 8 жыл болды. Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келгенмін. Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде оқыдым. Биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ Ұлттық өнер университетінің «домбыра» бөлімінде оқып бітірдім», - дейді Маржан Қапсамат.

Домбыра тартып отырған сәтін видеоға түсіру туралы студент кезінен бері ойлап жүрген екен. « Видео түсірсем деп үнемі ойлап жүретінмін. Университетте оқып жүрген кезімде мұндай мүмкіндік те, уақытым да болған жоқ. Мүмкін ол кезде осылай видео түсіруге дайын болмаған шығармын. Бір күні Динара Сәтжан ұйымдастырған марафонға қатысып, ол маған локацияны өзгерту туралы идея айтты. Бастапқыда видеоны кабинетте түсірген едім. Одан кейін ғана табиғат аясында түсірдім. Көйлек пен ұлттық киімдерді жалға аламын», - дейді ол.

Қазіргі уақытта елордада Маржанның домбыра үйрететін жеке студиясы бар. Ол бұл студияда сабақ беріп, жас домбырашылар буынын дайындауда.

«Біздің студияда домбырадан басқа гитарада ойнауды және вокалды үйретеміз. Болашақта өз мектебімді ашқым келеді. Біздің ұлттық аспабымыз – домбыраны бүкіл әлем білгенін қалаймын. Қазіргі уақытта домбыра үйренгісі келетін шетелдіктер көп»,- дейді Маржан.

Айта кетерлігі, ұлттық киіммен көрнекі жерлерде шабыттана күй шерткен арудың әлеуметтік желіде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған оқырмандары көп. Оның өнеріне тәнті болып, бас июшілер қатары да күннен күнге артып келеді.

«Болашақта еліміздің түкпір-түкпіріндегі көрікті жерлерде видео түсіруді жалғастыруды жоспарлап отырмын. Мүмкін болашақта Қазақстандағы ғана емес әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрікті жерлерде видео түсіру де бұйыратын шығар»,- дейді ол.


Авторы Гүлзат Сақова


Соңғы жаңалықтар