Бұқар жырау ауданының жаңа әкімі тағайындалды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында жаңа әкім тағайындалды. Бұл қызметті осыған дейін Осакаров ауданын басқарған Нүркен Көбжанов атқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында кадрлық ауыс-түйістер жалғасуда. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Бұқар жырау ауданының әкімі болып Нүркен Сайфиддинұлы Көбжанов тағайындалды. Бұған дейін ол Осакаров ауданын басқарған болатын.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, әкім лауазымына кандидатура ұсынды. Депутаттар оны бірауыздан қолдады.

Бұқар жырау ауданының бұрынғы әкімі Сержан Аймақов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.

Жеңіс Қасымбек жаңа әкімге басым тәртіп пен шешілуі қажет міндеттерді қойды.


«Жылыту маусымына аз уақыт қалды, оның сапалы өтуін қамтамасыз ету маңызды. Жылумен жабдықтау мәселесін ерекше бақылауда ұстаңыз. Өткен жылы басталған Қушоқы кентіндегі су құбыры құрылысы жобасына назар аудару қажет. Тағы бір өзекті сұрақ – жайылымдық және шабындық жердің жетіспеушілігі. Аудан тұрғындары бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Заңнамаға сәйкес пайдаланылмайтын жер учаскелерін қайтару жұмыстарын жүргізу қажет», – деді облыс әкімі.

Нүркен Көбжанов мемлекеттік қызметте шамамен 15 жыл жұмыс атқарып келеді. Бұрын ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен.

2007 жылдан 2013 жылға дейін Осакаров ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Кейін Бұқар жырау ауданының әкімі болды. 2017 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін Осакаров ауданының әкімі қызметін атқарды.


Соңғы жаңалықтар