Бұхара қаласына Түркі әлемі жастары бастамаларының алғашқы астанасы мәртебесі берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өзбекстанның Бұхара қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы жас көшбасшыларының IV Форумы өтті. Форум аясында Бұхара қаласына «Түркі әлемі жастары бастамаларының алғашқы астанасы» мәртебесі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Форумның ашылуында Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдад Әміреев Бұхара қаласына «Түркі әлемі жастары бастамаларының алғашқы астанасы» мәртебесін беру туралы ресми сертификатты тапсырды.

Сонымен қатар, бұл күндері «Түркі әлемінің жастар саябағы» және «Бұхара – түркі әлемі жастары бастамаларының алғашқы астанасы» монументі ашылды.

Форум жұмысына Қазақстан атынан Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері, музыка, спорт, креативті индустрия және IT салаларында жетістікке жеткен талантты жастар делегациясы қатысты.

«Іс-шарада жас көшбасшылар 4 өзекті бағыт: қоғам, ғылым, мәдениет және медиа жобалар бойынша өздерінің ең үздік жобаларын таныстырды. Үздік спикерлердің қатарында «Аѕаr-Ume» қайырымдылық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев баспанаға мұқтаж жандарға қолдау көрсетету қызметін таныстырды. Бұл қор халықтың көмегімен жиналған қаражатқа мұқтаж адамдарды баспанамен қамтамасыз ететінін айтты. Жобаға басқа елдердің жастары қызғушылық танытып, болашақта осындай жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға ниет білдірді. «Лайф-ньюс» әлеуметтік жобасының жетекшісі Динара Наумова тірек-қимыл аппараты бұзылған жас тұлғаларды оңалту жайында ой бөлісті», - дейді АБҚО Басқарма төрағасының орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Айта кетейік, жас көшбасшылар форумы 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін форум Әзербайжан, Қазақстан және Қырғызстанда өтті. Келесісі Түркияның Бурса қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, түркі әлемінде 2022 жыл - жастар бастамаларын қолдау жылы ұранымен өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар