Бұғы шаруашылығы мемлекеттік қолдауға зәру‑ сенатор С. Плотников

None
None
АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  ‑ Қазақстанның бұғы және ара өсіру шаруашылығы мемлекеттік қолдауға зәру.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Сергей Плотников осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

«Шығыс Қазақстан облысының шаруашылығында республикамыздың  95 пайыз бұғысы мен марал басы шоғырланған. Соңғы он‑он бес жылда ауыл шаруашылығындағы орын алған экономикалық қиындықтарға байланысты өңірдегі бұғы мен шұбар маралдың бастары да кеміп, олардың өнімділігі де төмендеген.   Бұдан бұрын аталмыш шаруашылық 2006-2007 жылдарға бұғы төлдерін жетілдіру үшін мемлекеттік субсидия ретінде қолдау көріп келген болатын.  2008 жылдан бастап субсидияның бұл түрі тоқтатылып, мемлекеттік қолдау жасау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің бекіткен асыл тұқымды малдардың  тізіміне бұғы‑маралдар енгізілмей де қалды», деді сенатор. Оның айтуынша, бүгінгі таңдағы дағдарысқа орай бұғы шаруашылығында өндірілетін өнімдерге сұраныс күрт түсіп кеткен. Бұғы мүйізі негізіндегі емдік‑шипажайлық  инфрақұрылым да заман талабына сай емес әрі Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан дәрілік препараттар да сатып алынбайды екен.

«Осындай мәселелерді ескерсек,  қаржылық қолдаудың  салаға оң әсер етіп, бұғы мүйізінен алынатын өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін, экспорттық бағытын арттыратынын айтуға болады.  Сондықтан да, бұл проблемаға мемлекеттік көзқарас қалыптастырып, саланы еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған Индустриялық‑инновациялық даму бағдарламасына кірістіруді қарастыру қажет», деді С. Плотников.

Сонымен бірге, сенатор еліміздегі ара өсіру шаруашылығына қатысты мәселені де алға тартып, бұл салаға да мемлекеттік қолдаудың аса қажет болып отырғандығынн атап өтті. «Еліміздің шығысында Қазақстандағы тауар балының  70 пайызы өндіріледі. Дегенмен, бүгінгі күні ара өсіру шаруашылығы қиын жағдайда қалып отыр. Омарташы кадрлар даярлау тоқтатылған, араны өсіруге байланысты тәжірибелік орталықтар жойылған, ғылыми жұмыстарға қаражат бөлу айтарлықтай қысқарып кеткен. Осының өзі саланың күйреуіне әкеп отыр», деді депутат.

Соңғы жаңалықтар