Бүгінгідей ордалы Астана салу - олжалы жорыққа шығудан әлдеқайда қиын - Ә. Кекілбай

None
None
АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  -   Бүгінгідей ордалы Астана салу - олжалы жорыққа шығудан әлдеқайда қиын.

Елордада «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанаты барысында сөз сөйлеген Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әбіш Кекілбай осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сөз басын тереңнен қозғап, тебірене тарихтан толғаған Әбіш Кекілбай, ең алдымен өткенге көз жіберіп, бүгінгі күнгі ұлттық мақтанышымызға да тоқталып өтті.

«Бәрі көз алдымызда, бәрі жадымызда. Осыдан 13 ғасыр бұрын бабаларымыз айтқан «Елім бар жұрт едім ғой - елім қайда, Төрім бар жұрт едім ғой - төрім қайда?!» - дейтін қаһарлы ұранмен қалшылдатқан желтоқсанның үскірігіне қарамай ұл-қыздарымыздың көшеге шыққанына міне, биыл 23 жыл болмақ. Қатаң режим қаһарына мініп, қыл бұрауын қанша күшейткенмен оны Тәңірі естіп, тарих қолдап Тәуелсіздік алғанымызға алдағы күзде 18 жыл толмақ. Одан 3 жыл өте тәуекелге бел будық, 6 жыл өте көштің басын Сарыарқаға бұрдық, 7-інші жылы іске кірістік. Сонда одан бері қарай 11-ақ жыл өтіпті. Неткен болмашы уақыт. Бірақ, сол 11 жылдың ішінде бабаларымыздың 13 ғасыр бойына орындай алмай келе жатқан асыл арманы, баянды елі дүниге келіп, Есілдің екі бетіне  ғимараттарды самсатып, әлем сүйсінген Астана салдық. Неткен көп іс тындырғанбыз. Бұл тек ертегілерге ғана сиятын ерен іс», деді Ә. Кекілбай.

Сонымен бірге, кешегі күнгі қазақтың басына үйірілген қара бұлтты жылдарды мысалға ала отырып, қазіргі Тәуелсіздікке шүкіршілік айтты.  «Өйткені, ертедегілер етегі тола еңірегендей, ұлдар әкесіне, інілер ағасына тартпай, арбағанға еріп, алдағанға көніп, айдарлысы құлға, тұлымдысы күңге айналып, діл, мен дін ұмытылып, тіл азып, атымыз өшіп, затымыз жойылып кете жаздағанымыз күні кеше ғана емес пе еді?! Ендеше, «Өшкен жанып, өлген тірілді» деген осы. Бір кезде Білге қаған: «Баз кешсек - өкінерміз, жаңылыссақ - түзелерміз! Біріксең етті, Елім!», деп еді. Міне, бүгін іргеміз түгел, бірлігіміз бекем, жалпақ әлем тегіс мойындаған мемлекет болудамыз. Жарық дүние түгел таңданған Астана салуымыз соның айғағы. Мұның бәріне жанжалсыз, жағалассыз, жасампаздық арқылы жайбарақат  жетіппіз. Ол бірлікте елі, білікті төрі бар, салиқалы қауымдардың ғана қолынан келмек. Өйткені, ордалы Астана салу - олжалы жорыққа шығудан әлдеқайда қиын. Бұл өткендегілердің арманын орындап, бүгінгілердің мүддесін түгендеп, ертеңгілердің мерейін тасытатындай болуы керек еді. Құдайға шүкір, мұндай жасампаз күш-жігер елімізден болып, мұны рәсуә етпей, өрелі іске жұмылдарар пәтуә төрімізден табылып отыр», деді Ә. Кекілбай.

Соңғы жаңалықтар