Бүгінгі жетістіктерімізге келісім мен татулықтың арқасында жеткеніміз анық - Мәжіліс депутаты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, осы Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерсұлтан Бектұрғанов Тәуелсіздігіміздің маңызы, заң шығару органының алдағы жұмыстары, Мемлекет басшысының тапсырмалары туралы ойларымен бөлісті.

- Ерсұлтан Өтеғұлұлы, ел тәуелсіздігінің маңызы туралы ойларыңызбен бөліссеңіз?

- Елдің егемен болуы - халқымыздың бақыты! Тәуелсіздік - ең қастерлі де қасиетті ұғым. Мемлекет азат, біртұтас болғанда ғана өзінің даңғыл жолын таңдай алады. Әлемдік қауымдастыққа мүше болып, өзін дербес ел ретінде танытады. Біздің бүгінгі қол жеткізген табыстарымыздың барлығы да осы тәуелсіздігіміздің арқасы екендігіне ешкім де шүбә келтіре алмады. Біз 27 жылдың ішінде үлкен белестерді бағындырдық. Қазақстан өзінің даму жолы бар, айқындап алған бағыты бар мемлекет ретінде қалыптасты.

Қазір тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін барша қазақ біледі, барша қазақстандық құрметтей біледі! Барлық саладағы табыстарымызға біз береке мен бірліктің, келісім мен татулықтың арқасында қол жеткізгеніміз анық. Конституциямызда айқындап алғанымыздай, біздің ел өз азаматтарын тіліне, тегіне, нәсіліне бөлмейді. Міне, соның нәтижесінде әрбір ұлт пен ұлыстың өкілі өзін біртұтас Қазақстанның азаматы екенін анық сезінеді. Бүгінгі таңда халықыралық жарыстарға қатысып жүрген жас ғалымдарымыз да, спортшыларымыз да Қазақ елінің намысын қорғап, көк туымызды биікте желбіретуді мақсат тұтады. Және де осы жолда барша халықты қуанышқа бөлеп жүргендер аз емес. Осы орайда тәуелсіз елдің тұтастығы рухында тәрбиеленген әр азаматтың тәуелсіздік ұғымын терең сезінетініне ешқандай күмәнім жоқ.

Бүгінгі таңда әлемде түрлі күрделі процестер жүріп жатыр. Халықаралық деңгейде қаржы-экономикалық салада саяси тартыстар болып отырғанын да көріп жүрміз. Қазақстан жаһандық қоғамдастықтың бір бөлшегі болғандықтан, оның кейбір жақтары бізге де әсер ететіні анық. Осындай жағдайда біздің ел де жайбарақат отыра алмайтыны белгілі. Жалпы, 2018 жылы елдің дамуын, келешектегі атқарылатын істердің басты бағыттарын айқындап алу мақсатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі мәрте халыққа арнаған Жолдауын жария етті. Атап айтқанда, 10 қаңтарда «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты, ал 5 қазанда «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деген тақырыбындағы Жолдауы, сонымен қатар Президенттің алға тартқан бес әлеуметтік бастамасы ең негізгі бағыттарды айқындап берген құжат болып отыр. Яғни, жолдаулардың атаулары айтып тұрғандай, Елбасы қазір елімізге төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында даму қажет екенін белгілеп берді. Сонымен бірге халықтың табысы мен тұрмысын көтеру, сол арқылы барша қазақстандықтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға қол жеткізу мақсаты алға қойылып отыр. Елбасының екі Жолдауы, үндеуі және сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы биылғы жылдың басты жаңалықтары болды. Еліміздің әрбір азаматы қоғамның дамуы, тәуелсіз мемлекетіміздің бағыт-бағдары жөнінде толық малұмат алды. Міне, біз 27 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізді осындай жоғары деңгейдегі межемен қарсы алып тұрмыз.

Елдің әр адамы өз жұмысында мемлекет дамуына үлес қосып келеді. Еселі еңбегімен, қайырымдылық істерімен халықтың құрметіне бөленіп жүрген жандар да аз емес. Елеулі еңбегімен танылғандар күні кеше Елбасмыздың Жарлығымен жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл да халықтың қуанышы, елдің мақтанышы деп білемін.

- Парламент депутаттары қоғамды алға бастыратын, елді дамытуға бағытталған және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететін қандай маңызды заң жобаларын қарап, жетілдіріп, қандай заңдарды қабылдауда?

- Жалпы, жыл сайын сессия барысында Мәжіліске жүзге тарта заң жобасы келіп түседі. Оның бәрі аса ыждахаттылықпен қаралып, талқыланады. Барлығы дерлік мемлекет мүддесін қорғауға, бейбітшілікті нығайтуға, шетелдермен арадағы халықаралық қарым-қатынасты арттыруға, қорғаныс мәселесін күшейтуге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, мәдениетіміз бен өнерімізді дамытуға, денсаулық сақтау және білім беру салаларын өркендетуге бағытталған.

Мәжілістің биылғы сессиядағы заң жобаларын қарау, талқылау және қабылдау туралы жоспарларымыз Елбасының қойған талаптарына сәйкес қалыптастырылды. Соның ішінде салық деңгейін азайту, жалақыны көбейту, әрбір қазақстандықты жеке пәтермен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты заңдар қабылдану үстінде. Бюджет қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі қарастырылуда. Әсіресе, мұғалімдерге, дәрігерлерге берілетін жеңілдіктер мен қосымша төлемдер көзделуде. Биылғы заң жобаларымен жұмыстарымыздың барлығы да осындай бағытта жүріп жатыр. Соған орай 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспары да қайта қаралып, көптеген түзетулер мен толықтырулар халықтың жағдайын жақсарту жағына қарай жетілдірілді. Оның бәрі Президенттің әлеуметтік саланы одан әрі жаңғырту бағдарламасы аясында іске асуда. Айталық, алдағы жылдары Елбасының 5 қазандағы Жолдауында және бес әлеуметтік бастамасында берген тапсырмаларын орындау үшін 1 триллионнан астам теңге бюджетте қаралып отыр.

Қазақстан бюджетінің 40 пайыздан астамы осы әлеуметтік салаларға бағытталады. Ал биылғы Елбасының тапсырмалары мен бастамаларына байланысты қаралып отырған шаралар бұрын-соңды болмағанын атап айтар едім. Елдің экономикасы дамыған сайын әлеуметтік салаға, яғни, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шаралар қолға алынуда.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында ұстаздардың мәртебесін көтерудің нақты жолдарын да, бағытын да айтып өтті. Парламент пен Үкіметке «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзіреуді және қабылдау туралы тапсырма берді. Шынымен де, еліміздің болашағы - жас ұрпақтың қалай қалыптасуы, білім мен тәрбие алуы мектептегі ұстаздарға байланысты. Сондықтан мұғалімдердің мәртебесін, жауапкершілігін арнайы заңмен айқындап алу, оларға жасалатын жеңілдіктер мен ұстаздың құқығын қорғайтын заңдық нормаларды қарастыру маңызды болмақ. Қазіргі уақытта аталған заң жобасы Үкіметте дайындалып жатыр. Парламентке келген кезде, оның қоғамда атқаратын рөлі бар, халықтық қолдауға ие болатын маңызды заңның бірі болып шығуы үшін депутаттар да атсалысады деп ойлаймын.

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының жариялануы көп адамға ой салды. Мен мұны Қазақстанның әлемдік деңгейде өзін-өзі танытуына жасалған қадамның бірі дер едім. Біздің сан ғасырлық тарихымызды дүниежүзіндегі барлық архивтерден тауып, зерделеп, елдік жолымызды, халықтық дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды әлемдік қоғамдастық алдында тағы бір рет паш етуімізге бағыт беріп тұр. Мақаланы оқи отырып, халқымызды Ұлы даланың ұлы халқы деп айтуға болады. Ал енді бүгінгі таңда ұлт пен ұлыстарды бір шаңырақтың астында жинаған, тұрғындарының ауызбіршілігі мен татулығының арқасында біздің Қазақстан өркендеп келе жатыр десек, артық айтқанымыз емес.

- Халқымызға, сайлаушыларыңызға айтар бір ауыз тілегіңіз?

- Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Енді үш жылда еліміздің дербес мемлекет болып құрылғанына 30 жыл толады. Соның қарсаңында еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсап, іргелі іске өздерінің үлестерін қосады деп сенемін. Елімізге тыныштық, татулық, халқымызға бақыт және ырыс пен береке тілейміз. Әр отбасы жыл сайын өсіп-жетіліп, жақсылықтарға кенеліп, оқуда, еңбекте үлкен жетістіктерге жетіп, табыстары арта берсін деп тілеймін.

- Рақмет әңгімеңізге.

Соңғы жаңалықтар