Бүгінгі заңнама браконьерлерді құрықтауға толық мүмкіндік бермей отыр - Бас прокуратура

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы заңсыз аңшылық жасаған браконьерлерге жазаны күшейтуді ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіби сипатқа ие болған қылмыстық әрекеттерге байланысты жауапкершілік күшейтіледі. Ол қылмыстың санатына браконьерлікті (ҚР ҚК 335, 337, 339-баптары) жатқызуға болады. Браконьерлікке бірнеше рет барғандар немесе топ болып шыққандар, күзетілген аумақта аңшылық жасағандарға санкция күшейеді. Яғни, бұл ретте міндетті тәркілеу тетігі енгізіледі», - деді Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасының тұжырымдамасын талқылауға арналған криминологиялық форумда Бас прокуратура нормошығармашылық басқармасының бастығы Алмас Мұхаметжанов.

Оның айтуына қарағанда, кез келген заңсыз аңшылық түріне алдағы уақытта жауапкершілік күшейеді.

«Қазіргі уақытта браконьерлік бойынша қылмыстық жауапкершілік тек авиа, авто және мотокөлікпен, жару құрылғысымен браконьерлік жасалған жағдайда ғана көзделген. Сонымен бірге, мынаған назар аударыңыздаршы, браконьерлік бойынша қылмыстық жауапкершілікке адамдар «аңдарды жаппай қыру құралын қолданған жағдайда» ғана тартылады. Енді сұрақ - соңғы аталған бөлік заңсыз аңшылықтың қандай түрі? Заңның бұл бөлігі 1997 жылдан бері бүгінге дейін қалмай келе жатыр», - дейді Алмас Мұхаметжанов.

Бұл мәселе туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов та пікір білдірді.

«Бүгінгі заңнама қылмыскерлерді (браконьерлерді - авт.) құрықтауға толық мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан, ұсынылып отырған өзгерістер бойынша, заңсыз аңшылық қандай да бір қарумен жасалса, ол адам біріншіден қылмыскер санатына жатқызылады. Екіншіден, аңшылық барысында мінген көлігі, заңсыз аңшылыққа негіз болған бүкіл мүлкі мемлекет меншігіне тәркіленеді», - деді Марат Ахметжанов.

Соңғы жаңалықтар