Бүгінгі әскери медицина заманауи стандарттар мен талаптарға қаншалықты сай

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда әскери-медициналық бөлімшелерді заманауи медициналық техникамен және кәсіби кадрлармен жабдықтау мәселелері тұрақты түрде шешіліп келеді. Бұл жайлы онлайн-брифингіде Бас әскери-медициналық басқарма бастығының орынбасары - емдеу-профилактика басқармасының бастығы, медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңізге мәлім, қазіргі әскери медицина жалпы денсаулық сақтау жүйесіне кіреді. Сондықтан, жалпы денсаулық сақтау жүйесіне қойылатын стандарттар мен талаптар әскери медицинаға да қатысты. Бүкіл біздің әскери медицина мекемелері сол стандарттар мен талаптарға сай деп айтуға болады.

Әскери медицинаның техникамен жабықталуына тоқталатын болсақ, оны деңгейлерге бөлеміз. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы әскери госпитальдердің жабдықталу деңгейі облыстық, республикалық маңызды қалаларда орналасқан ауруханалардың деңгейіне пара-пар. Ал, өңірлерде орналасқан госпитальдер мен лазареттер, емханалардың жағдайына келетін болсақ, оларда сәл төмен», - дейді ол.

Спикер әскери медицинаға қойылатын талап – әскери қақтығыс кезінде медициналық көмек беруге дайындық жағдайы екеніне тоқталды. Демек, қорғаныс министрлігі әскери мобильдікті жетілдіруді міндеттейді.

«Қазіргі кезде біздің қолданысымызда бірнеше мобильдік кешеніміз бар. Ол кешендермен жабдықтау осы кезеңдерде де жалғасып жатыр. Биыл 60 кереуеттік мобильдік госпиталь алдық. Бұл госпитальдің ерекшелігі құрамында бірнеше операция жасайтын орындар, реанимациялық бөлімдер, науқастарды орналастыратын бөлімдер, диагностикалық бөлімшесі бар. Диагностикалық бөлімшесі заманауи техникалармен, аппаратурамен жабдықталған. Бөлімше құрамына жылжымалы томография кіреді. Сонымен қатар, кешенді автономды түрде газбен, сумен, электрмен жабдықтау мүмкіншілігі бар. Оған тамақтану кешені де қосылған. Сондықтан, бұл кешенді пайдалану кезінде біз ұрыс-қақтығыс кезінде далалық жағдайда медициналық көмек көрсетуге дайын екенімізді айтуға болады. Сонымен қатар, осы жылы санитарлық-бактериологиялық зертхана алдық. Ол зертханада ПЦР алу мүмкіндігі бар. Онымен қатар, брондалған транспортерлер алдық», - дейді Берік Ілиясов.

Ал, медициналық кадр даярлау Әуе қорғанысы күштері әскери институтына курсанттар қабылдау арқылы жүргізіледі. Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты Батыс Қазақстан медициналық университетімен келісімшарт жасасқан.

«Биыл 26 курсантты қабылдадық. Сонымен қатар, шетелге курсанттар жіберу арқылы да даярлық жүргіземіз. Осы жылы Санкт-Петербург қаласындағы әскери медициналық академияға курсанттар жібердік. Армениядағы медициналық университетке де курсанттар жолданды. Олардың жалпы саны - 14. Сонымен қатар, дипломнан кейінгі даярлықты да ұйымдастырып жатырмыз. Профильдік мамандар даярлау үшін Санкт-Петербургтегі академияға биыл 7 офицерді жібердік», - дейді спикер.

Айта кетсек, мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту мақсатында қорғаныс ведомствосы шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктерден бас тартуды, сондай-ақ әскери қызмет өткермеген азаматтарға әскери билет беруді алып тастауды ұсынып отыр.
Соңғы жаңалықтар