Бүгін Жазғы универсиада ойындары басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Италияның Неаполь қаласында 2019 жылғы Жазғы универсиада ойындары жалауын көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жазғы универсиада ойындары 3-14 шілде аралығында өткізіледі. Оған әлемнің 170 мемлекетінен спортшылар келеді деп жоспарланып отыр. Онда 5971 үміткер спорттың 18 түрінен 222 медаль жиынтығын сарапқа салады. Жарысқа қатысушылар футбол, баскетбол, волейбол, су добы, суда жүзу, суға секіру, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, желкенді спорт, регби, нысана көздеу, садақпен ату, теннис, тхэквондо, семсерлесу секілді спорт түрлерінен бақ сынайды.

Жазғы универсиада ойындарының ашылу салтанаты бүгін «Сан Паоло» стадионында өтеді. Аталмыш стадионның ашылғанына биыл 60 жыл толады. 1960 жылғы жазғы Олимпиадада онда бірқатар ойындар болды.

Айта кетерлігі, Италия Жазғы универсиада ойындарын өз тарихында төртінші мәрте қабылдап отыр. Аталмыш дүбірлі дода 1959 және 1970 жылдары Туринде, 1975 жылы Рим қаласында жалауын көтерді. Ал Қысқы универсиада ойындары бұл мемелкетте алты мәрте өткен.

Студенттік спорт шарасының тарихы 1905 жылдан бастау алады. Сол жылы АҚШ-та студенттер арасында халықаралық жарыс өткізілді. 1919 жылы студенттер конфедерациясы құрылды. Сол ұйымның қолдауымен 1923 жылы Франция астанасы - Париж қаласында бүкіләлемдік университеттік ойындар болып өтті. Дүбірлі дода 1957 жылға дейін дәл сол атаумен ұйымдастырылды. 1959 жылы қазіргі атауына ие болды. Содан бері биыл дүбірлі додада отызыншы мәрте сайысқа қатысушыларды қабылдайтын болады.

Универсидаға қатысушыларға қойылатын талаптар бар. Құрамаға іліккен жастар сол елдің азаматы болуы тиіс. Сондай-ақ, жасы 17-ден төмен және 28-ден жоғары болмауы талап етіледі. Басты талабының бірі - жоғары оқу орындарының студенті немесе оны бітіргеніне бір жылдан аспауы қажет.

Қазақстан Жазғы универсиада ойындарына 1993 жылдан бері қатысып келеді. 1993 жылы АҚШ-тың Буффало қаласында өткізілген жарыста біздің еліміз небәрі 1 күміс алып, жалпы командалық есепте 31 орынды місе тұтты. Ал 1995 жылы Жапонияның Фукуока қаласында 2 күміспен 33 орын алды. Одан кейінгі 1997 жылғы Италияның Сицилия, 1999 жылғы Италияның Пальма қалаларында өткен дүбірлі додада қоржынымыз бос қайтты. Ал 2001 жылы Қытай астанасы - Бейжің қаласында өткен беделді бәсекеден спортшылар елімізге 3 күміспен оралды. Жалпы командалық есепте 33 орын бұйырды. 2003 жылы Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласындағы жарыста біздің қоржынға алғаш рет алтын медаль түсті және оның саны екеу болды. Бұл жолы біздің спортшылар олардың санын тағы 4 күміс медальмен толықтырды. Жалпы командалық есепте спортшылар 18 орынға көтерілді.

2005 жылы Түркияның Измир қаласындағы дүбірлі додада барлығы 9 медаль (1 алтын, 2 күміс, 6 қола) алып, әлем елдерінің арасында 26-орынға көтерілді. Біздің спортшылар үшін 2007 жылы Таиланд астанасы - Бангкок қаласындағы универсиада ойындары табысты болды. Онда 14 медаль (5 алтын, 4 күміс, 5 қола) алып қайтқан қазақстандық спортшылар 11 орынға жайғасты. Екі жылдан кейін Сербия астанасы - Белградта болған беделді бәсекеде бар-жоғы 7 медальді (1 алтын, 2 күміс, 4 қола) місе тұтып, 32-орын алды. Ал 2011 жылы Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы универсиадада жалпы командалық есепте 45 орынға құлдилап, аталмыш жарыстан 3 күміс, 3 қола медальмен қайтты.

2013 жылы Ресейдің Қазан қаласындағы дүбірлі додада барлығы 30 медаль (3 алтын, 11 күміс, 16 қола) алған спортшылар жалпы командалық есепте 19-орынға тұрақтады. Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласындағы 2015 жылғы дүбірлі додада алтын медаль санын 6-ға жеткізгенімен қазақстандық спортшылар ол жақтан небәрі 10 медальмен қайтты. Олар алтыннан бөлек 4 қола жүлдеге қол жеткізді. Нәтижесінде 11-орынға көтерілді. 2017 жылы аталмыш дүбірлі додада Қытай Тайбэйінде өткізілді. Онда біздің қоржынға 3 алты, 6 күміс, 7 қола медаль түсті. Жалпы командалық есепте біздің еншімізге 21-орын бұйырды.

Биылғы Жазғы универсиада ойындарында біздің еліміздің атынан 94 спортшы ел намысын қорғайды. Олардың арасында семсерлесуден 18 қазақстандық спортшы қатысады. Ал 16-ы жеңіл атлетикада жарыс жолына шықса, 15-і тхэквондодан тайталасқа түседі. Ал садақпен атудан 8, нысана көздеуден 10, спорттық және көркем гимнастикадан 6, теннистен 4, дзюдодан 10, суға жүзуден 7 спортшы қатысады.

Жазғы универсиада ойындарының ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 00.00-де басталады. Дүбірлі додадағы жарыстарды «QazSport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар