Бүгін - Тұңғыш Президент күні

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Бұл күннің шығу төркініне шолу жасар болсақ, 2011 жылдың 10 желтоқсаны күні ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Заң 1 желтоқсанда аталып өтілетін - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күнін белгілеген еді.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бірлігін, конституциясын, адам мен адамзаттың құқықтарын және бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы екендігі ешкімде де дау тудырмасы анық жайт. Осыған орай аталған Заңның қабылдануы арқылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Республикаға сіңірген ғаламат зор еңбегі танылған болатын.

Заң жобасын қабылдау барысында сол кездегі Сенат спикері Қайрат Мәмидің: «Тәуелсіздіктің қайнар көзі 1991 жылы 1 желтоқсанда еліміз алғаш рет бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде өзінің тұңғыш Президентін сайлап алғаннан басталған болатын. Сондықтан да, бүгін Қазақстан Республикасы өзінің Тұңғыш Президентін сайлаған күн - Мемлекеттік мереке күні болып бекітілді. Бұл шешім арқылы, мен ойлаймын, біз Елбасы Н. Назарбаевтың ұлы тұлға екеніне, көреген кемеңгерлігіне ғана тиісті баға беріп отырған жоқпыз. Бұл шешім арқылы Тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы Президент институтының мәртебесіне және осыдан 20 жыл бұрынғы біздің халқымыздың Президент институтының керектігін өзінің салиқалылығымен таңдағанына тиісті баға беріп отырмыз деп ойлаймын. Сондықтан да, отандастырымыз осы шешімімізді, осы сыйды дұрыс қабылдайды деген сенімдемін», - деп атап өткені де есте.

Шындығында Қазақстан Тәуелсіздік алған тұста ұлт тарихындағы жаңа дәуір дәл осы 1 желтоқсан күнінен басталған еді. Өйткені, ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда орындалып, дәл сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланған болатын.

Тәуелсіздігін енді ғана алған Қазақстанда өткен сол алғашқы жалпыхалықтық сайлауда мемлекетіміздің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқан дауыс беруге құқығы бар ел азаматтарының 98,78 пайызы жақтап дауыс беріп, Мемлекет басшысы ретіндегі сенімін Елбасыға жүктеді. Міне, содан бергі 25 жылға жуық уақыттың ішінде Мемлекет басшысының еліміздегі кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформаларды жүзеге асырудағы ерен еңбегі, Қазақ елінің әлемге танымал мемлекет болып танылуына сіңірген ұшан-теңіз үлесі шексіз. ҚР Президентінің қазақ елі алдындағы қызметі Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығы Декларацияда тайға таңба басқандай анық жазылған болатын.

«Республикамыз жиырма жыл ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Елді қорғауға қабілетті Қарулы Күштер құрылды, құқықтық тәртіпті сақтау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету органдары қалыптастырылды, Қазақстан өзінің мемлекеттік шекарасын заңдық тұрғыдан ресімдеу мен межелеу жөніндегі мәселелерді түпкілікті шешті, кең байтақ жерінің шекаралық шеңбері бойында тату көршілік белдеуін қалыптастырды. Шекарамыздың шегенделуі мемлекетіміздің дұрыс бағыттағы халықаралық саясатының және Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың тікелей жеке беделі мен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Мұның өзі тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген ел тарихындағы баға жетпес жетістіктердің бірегейі болып табылады», - делінген еді декларацияда.

Жалпы, Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұрады. Олар: 1990 жылдың сәуірі - Н.Назарбаевты Республика Президенті лауазымына тағайындау, 1990 жылдың қазаны - Қазақстанның тәуелсіздігі туралы Декларация, 1991 жылдың тамызы - Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және Республикалық егемен алтын-валюта қорын құру, 1991 жылдың желтоқсаны - алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау, біздің мемлекетміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау, 16 желтоқсан - «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау, 1993 жылдың 15 қарашасы - өзіміздің ұлттық валютаны және қаржы жүйесін енгізу. Бірақ, Елбасымыз Н.Назарбаев айрықша атап өтетін Тәуелсіздік жолындағы шежіреде Қазақстан халқы сол бір тағдыршешті кезеңде жүріп өткен үш шешуші тарихи белес бар. Оның біріншісі - біздің еліміздің алғашқы абсолютті егемен мемлекеттік актісі - Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылуы. Екінші белес - 1991 жылдың 1 желтоқсанында біздің халқымыздың бүкіл тарихында алғаш рет өткен жалпыға ортақ Қазақстан Президенті сайлауы. Үшінші белес - «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылдануы.

Иә, бұл тәуелсіздіктің небәрі 24 жылдығы ішінде бағындырған белестеріміз. Алда алар асуларымыз одан да көп. Бүгінде еліміз дамудың даңғылына түсе отырып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан ойып тұрып орын алуға ұмтылған еді. Бұл белестің де, одан да зор асулардың да бағындырылатындығы сөзсіз. Оған Елбасымыздың бастамасымен қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» ұлт жоспары өз септігін тигізері анық.

Соңғы жаңалықтар