Бүгін түн ортасында референдумға қатысты үгіт аяқталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тыныштық және референдум күндерінде үгітке байланысты кез келген әрекетке тыйым салынады. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін түн ортасында үгіт аяқталады. Ертең, 4 маусым күні сағат 00.00-ден бастап бізде «тыныштық» күні болады. «Тыныштық» күні және референдум күні үгітке байланысты кез келген әрекетке тыйым салынады. Ол үшін заңмен құқықтық жауапкершілік қарастырылған. Осыны ескеруді сұраймыз», - деді Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев та референдум алдындағы күні және дауыс беру күнінде үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатынын ескерткен еді.

«Биылғы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізіледі. Ертең, 4 маусымда сағат 00:00-де референдум алдындағы үгіт-насихат жүргізу аяқталады («Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағы). Бұл үгіт-насихатқа, соның ішінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу нәтижелерін немесе референдум нәтижелерінің болжамдарын жариялауға қатысты мәліметтерге референдум өткізілетін күннің алдындағы күні және ол өткізілетін күні, яғни 4 және 5 маусымда тыйым салынады», - делінген Б. Дембаевтың үндеуінде.

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «үгіт» ұғымының мәнін және мазмұнын негізге ала отырып, референдумға шығарылған сұраққа сайлаушыларды «келісемін» немесе «қарсымын» деп дауыс беруге түрткі болатын материалдар үгіт материалдары ретінде қарастырылатынын ескертеді.

Бұл ретте, аталған бұзушылыққа жол берген жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да, соның ішінде әлеуметтік желілерді пайдаланушылар да әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Интернет-ресурстарда бұрын жарияланған үгіт материалдар бастапқы орындарында сақталуына жол беріледі, оларды сайттың басты бетінде шығаруға тыйым салынады.


Соңғы жаңалықтар