Бүгін Таразда бокстан ҚР чемпионатының финалы өтеді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бүгін, 4 желтоқсан күні Тараз қаласындағы Бокс сарайында ел чемпионатының финалы өтеді. Жақында жартылай финалдық жарыстар өтіп, соның қорытындылары бойынша ақтық сайысқа Оңтүстік Қазақстан облысынан алты спортшы, Ақмола және Жамбыл облыстарынан - төрт спортшыдан, Маңғыстау және Қарағанды облыстарынан - бір спортшыдан, Алматы облысы мен Астанадан - бір спортшыдан шықты.

49 келі салмақта шаршы алаңда Жомарт Ержанов (ОҚО) пен Теміртас Жүсіпов (Ақмола облысы), 52 келі салмақта - жамбылдық Олжас Сәттібаев пен маңғыстаулық Азамат Исақұлов, 56 келі салмақта - Нұрсұлтан Көшеғұлов (Ақмола облысы) пен Алмас Жақыпов (Жамбыл облысы), 60 келі салмақта - Ержан Мұсафиров (Қарағанды облысы) пен Закир Сафиуллин (ОҚО), 64 келі салмақта - Алмасбек Әлібеков (ОҚО) пен Самат Бәшенов (Астана) кездеседі.

69 келі салмақта екі жамбылдық спортшы - Сағадат Рахманқұлов пен Асланбек Шымбергенов айқасады. 75 келі салмақта - Мейірім Нұрсұлтанов (Астана) пен Нұрзат Собиров (ОҚО) кездеседі. 81 келі салмақта Нұрдәулет Жарманов (Ақмола облысы) пен Арман Рысбек (Алматы облысы) күш сынасады. 91 келі салмақта Асқар Абдоллаев (ОҚО) пен Алмат Серімов (Ақмола облысы) кездеседі. 91+ келі суперауыр салмақта финалға Нұржан Бекзатов (ОҚО) пен Руслан Мырсатаев шығады.

Естеріңізге сала кетейік, Таразда 26 қараша мен 5 желтоқсан аралығында бокстан ересектер арасында он салмақ дәрежесі бойынша басты ішкі старттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атағы үшін Қазақстан чемпионаты өтуде. Республика біріншілігіне 14 облыс пен Астана және Алматы командалары, жалпы саны 200-ден астам боксшы қатысады. Біріншіліктің негізгі мақсаты - ұлттық құрамаға боксшыларды іріктеу.

Қазақстан чемпионатын бокстан жақсы дәстүрлері бар Жамбыл облысында өткізу аймақтағы осы спорт түрінің дамуына қосымша түрткі болады. Қазақстан бокс федерациясының мәліметтері бойынша, республикада бұл спорт түрімен айналысатын 30 мыңға жуық адам бар.

Соңғы жаңалықтар