Бүгін саяси партия өкілдері арасында сайлауалды дебат өтеді

Фото: Фото: allforshow.tv
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 саяси партияның өкілдері арасында пікірсайыс өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пікірсайысқа «Amanat» саяси партиясынан – Ерлан Қошанов, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respulica» партиясынан - Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан халық партиясынан – Оксана Әубәкірова, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан – Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан – Азат Перуашев, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысады.

Телевизиялық пікірсайыс регламент бойынша үш раундтан тұрады. Бірінші раундтың өзі екі турға бөлінген.

Алғашқысында қатысушылар өз партиясын таныстырады. Атап айтқанда, партияның мақсат-мұраты, саяси кеңістіктегі орны мен халықтың тұрмыс-тіршілігін қалай жақсартатыны туралы мәлімет береді.

2 минутта таныстырып үлгеруі тиіс. Бірінші раундтың екінші турында қатысушылар қарсыластарына өткір, өзекті сұрақ қоя алады.

Екінші раунд «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы» деп аталады. Ол да екі турға бөлінген.

Бірінші турда қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламасы аясында Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық жағынан қалай дамытатыны туралы айтады. Оған да 2 минут уақыт беріледі.

Ал екінші турында партия өкілдері «Хабар» агенттігі арнайы ұйымдастырған сall орталыққа көрерменнен келіп түскен бір сұраққа жауап береді.

Үшінші раундта теледебат қатысушылары «Сайлаушыларға үндеу» жасайды. Әр қатысушыға 1,5 минуттан уақыт беріледі.

Айта кетерлігі, бұған дейін 7 саяси партия өкілдерінің арасындағы бірінші пікірсайыс Qazaqstan ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде өткен.

Ал екінші пікірсайыс КТК телеарнасында ұйымдастырылған еді.


Соңғы жаңалықтар