Бүгін Парижде «Ролан Гаррос» турнирі басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Парижде Франция ашық чемпионаты - «Ролан Гаррос» турнирі басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайын теннисті көретін төрткүл дүниенің назары ауатын «Үлкен дулыға» турнирі төртеу болса, «Ролан Гаррос» - соның бірі.

Бұл дүбірлі додаға жекелей сында Қазақстаннан бес теннисші қатысады.

Кеше Нюрнберг турнирінің жеңімпазы атанған Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 64-орында тұрған швециялық Ребекка Петерсонмен кездеседі.

Өткен жылы «Ролан Гарростың» ширек финалына дейін жеткен әрі Нюрнбергтегі жеңісінен кейін жігерленген Ю.Путинцеваның биыл да барын салары анық.

Жеребе әлемнің 90-ракеткасы Зарина Диясқа жолдас болды деп айтуға болады, оның қарсыласы - осы турнирге лаки лузер ретінде арнайы шақырылған корт иесі, рейтингте 288-сатыда тұрған Одри Алби.

Жарысқа іріктеу сайыстарының жеңімпазы ретінде қосылған, рейтингте 135-орындағы Елена Рыбакина әлемнің 43-ракеткасы, чехиялық Катержина Синяковамен күш сынасады.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Михаил Кукушкин словакиялық, рейтингте 54-сатыдағы Мартин Клижанмен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 90-ракеткасы, 21 жасар Александр Бубликтің екінші айналымға шығуына толық мүмкіндігі бар. Ол турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған, рейтингте 177-орындағы германиялық Рудольф Моллекерді сынап көрмек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Нюрнберг турнирінің жеңімпазы атанғанын, тағы бір қазақстандық Елена Рыбакинаның «Ролан Гарростың» негізгі турниріне жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Ал Галина Воскобоева жұптық сында Страсбург турнирінің финалына шыға алмады.

Соңғы жаңалықтар