Бүгін мен өз-өзіммен жарыстым - Tartyl Fest рекордшысы Евгений Нам

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Tartyl Fest турнирінің гранд-финалында 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасқан 30 жастан асқан атлеттер арасында үздік өнер көрсеткен Евгений Нам өз рекордын жаңартқан болатын. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ол бүгінгі турнирде ешкім оның рекордынан аса алмайтынына сенімді болғанын айтты.

«Мақсатым өз рекордымды жаңарту еді. Өйткені, бұл гранд-финалға ұзақ дайындалдым. Әрине, әр спортшы өз рекордын жаңарту үшін тер төгеді. Менің бүгінгі мақсатым сол болды, яғни өз-өзіммен жарыстым», - дейді атлет.

Әзірге Евгений Намның көрсеткіші турнирдің рекорды болып тұр.

«Бізден кейін әлі екі топ өнер көрсетеді. Бірақ, олар менің рекордымды бұза алмайды. Олай болатынына сенбеймін. Өйткені, салмақтары ауыр. Ұйымдастырушылар осы турнирдің жеңімпаздарын әлем чемипонатына апаратындарын айтқан. Енді әлем бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізгім келеді», - дейді спортшы.

Еске салсақ, ҚР Президенті жанындағы «DARA» таланттарды қолдау қорының бастамасымен ұйымдастырылған турнирдің ақтық сынына өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы – 11-51 жас аралығында.

Турникке тартылу жарысы былтыр Қазақстанның 20 қаласында өтті. Онда 7 мыңнан астам қазақстандық 9 салмақ дәрежесінде сайысқа түсіп, 33 жастағы тараздық Евгений Нам 50 рет көрсеткішпен турнир рекордын орнатқан.

EXPO аумағындағы Конгресс орталықта өтіп жатқан гранд-финалдан «Jibek Joly» телеарнасы тікелей көрсетілім таратады.

Гранд-финалдың жалпы жүлде қоры – 54 млн теңге. Өз салмақ дәрежесі бойынша 1-орын алған жеңімпаздарға 3 млн теңге, 2-орын алғандарға 2 млн теңге, 3-орын иеленгендерге 1 млн теңге сыйақы беріледі.

Бұл гранд-финалда чемпион атанғандар Street Workout бойынша әлем чемпионатында Қазақстан атынан сайысқа түсе алады.


Соңғы жаңалықтар