Бүгін – медицина қызметкерлері күні

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін адам жанының арашасы – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1998 жылы Президент Жарлығымен бекітілген бұл мереке жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Дегенмен, бұл датаның тарихы әріде. Нақтырақ айтсақ, 1980 жылдың 1 қазандағы Жоғарғы кеңес төралқасының қаулысымен медицина қызметкерлерінің күні ресми бекітілген. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін оның құрамындағы көптеген елдер бұл мерекеден бас тартты. Бірақ, Беларусь, Армения, Молдова, Украина, Ресейде бұл күн әлі де аталып өтеді.

Осы кәсіби мерекеге орай жауапты міндет арқалаған мамандарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.

«Құрметті медицина қызметкерлері! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер халықтың денсаулығын жақсартып, ұлт сапасын арттыруға зор үлес қосып келесіздер. Қазақстанда медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болу үшін барлық жағдай жасалуда. Мемлекет денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша көңіл бөледі. Көптеген заманауи емдеу орындарының салынуы, білікті мамандарды даярлауға бөлінетін грант санының көбеюі, осы сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетілуі - соның айқын дәлелі. Түптеп келгенде, мұның бәрі салауатты қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.

Сіздер сындарлы сәттерде өз міндеттеріңізді абыроймен атқарып, ел сенімін ақтай білдіңіздер. Баршаңызға қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге амандық, бақ-береке тілеймін!», - делінген Президенттің құттықтауында.

Алайда, Абай облысындағы өрт оқиғасына байланысты биыл бұл мерекені атап өту кейінге шегерілді. Денсаулық сақтау министрлігінен мәлімдегендей, «DENI SAU ULT» саммитін өткізу және жыл сайынғы «ALTYN SHIPAGER» Ұлттық медициналық жүлдесінің табыстау кейінге қалады.

Жалпы, соңғы бірнеше жылда медицина саласын Үкімет тарапынан қолдау күшейді. Маңыздыларының бірі – сала мамандарының жалақысы. Министр Ажар Ғинияттың мәліметінше, биылдан бастап дәрігерлердің айлығы орта есеппен 531 мың теңгеге дейін, орта медицина персоналының еңбекақысы 250 мың теңгеге дейін көтерілмек.

Сонымен қоса, медицина бойынша білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысы да өседі.

Атап айтқанда, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын студенттерге ай сайынғы шәкіртақы мына мөлшерде белгіленді:

- «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерге (бакалавр) – 67 200 теңге;

- «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111 579 теңге.

- «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын докторанттарға – 217 500 теңге;

Сондай-ақ, былтыр желотоқсанда Мәжіліс медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруға қатысты құжатты мақұлдады. Енді оған ілеспе ережелер бекітілуі тиіс. Жаңа өзгеріске сай, денсаулық сақтау ұйымы кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шартын жасаспай, маманды жұмысқа ала алмайды.

Таяуда көпшілік талқылқыға шығарылған ережеде қандай жағдайлар сақтандыруға жататыны жазылған.

«Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде денсаулық сақтау субъектісінің және медицина қызметкерінің пациентке өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі бойынша оқиға сақтандыру жағдайы деп танылады», - делінген сақтандыру ережесінде.


Соңғы жаңалықтар